Қылмыс

Жер қойнауын заңсыз пайдаланушылар ұсталды

Тінту барысында, олардан 1 жүк тиегіш пен 7 жүк көлігін тәркіледі

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің нұсқауымен заңсыз жер қойнауын пайдаланушыларды анықтау жұмыстары үздіксіз атқарылуда деп хабарлайды newsroom.kz 

Полицияның жүргізген жедел шаралары нәтижесінде Шардара мен Жетісай аудандарынан жер қойнауын заңсыз өндірумен және атыс қаруын сақтаумен айналысқан адамдар тобы анықталды.

Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел уәкілдері мен Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері бірлесіп, күдікті 9 адамды, оның ішінде қылмыстық топтың ұйымдастырушысы, бұрын сотталған жергілікті тұрғынды ұстады.

Полиция тінту барысында, олардан 1 жүк тиегіш пен 7 жүк көлігін, 2 аңшы мылтығын, патрондар мен басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.