Аймақтар

Түркістанда инвестициялық жобалар жемісін беруде

Жоба толық іске қосылса, 500 жұмыс орны ашылмақ.

Түркістан облысының аудан, қалаларында маңызды инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың құрылысы, инфрақұрылымына әкімдік тарапынан тұрақты қолдау көрсетіліп жатыр. Кезекті жобалардың жүзеге асырылу барысы Түркістан өңірлік инвестициялық штаб мәжілісінде тағы да талқыланды. 20-ға жуық жобаның жай-күйі сараланып, жұмыстары таныстырылды деп хабарлайды newsroom.kz

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әр жоба бойынша кәсіпкер мен жергілікті әкімдердің және жауапты басқарма басшыларының есептерін, ұсыныстарын тыңдады. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Жұмысты кешеуілдеткендерге сын-ескертпе айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

«Үлкен болсын, кішкентай болсын, барлық жоба назардан тыс қалмауы тиіс. Қадағалаңыздар, қолдаңыздар. Жол картасын немесе жұмыс жоспарын хаттамаға енгізіп, әкімдік өз міндетін, кәсіпкерлер өз міндетін уақтылы орындасын.  Жерді алып, жұмыс істемейтін болса, жер мемлекетке қайтарылады. Кейбір жобалар кешігіп жатыр. Үйлестіру керек. Облыста мақта-тоқыма кластерін дамытып жатырмыз. Ірі 4 зауыт ашылады. Солардың өнімдерін өткізу мәселесін қазірден зерделеп, жоспар құра берген жөн. Жоба басталғаннан әр мекеме өзі жауапты сала бойынша жедел әрекет етіп, проблемаларды шешіп отырсын. Біздің бағытымыз – зауыттар мен өндіріс орындарын ашу. Кәсіпкерлер мен инвесторлар да өз мәселелерін жасырмай айтсын. Қолдаймыз, көмектесеміз» – деді Дархан Сатыбалды.

Мәжілісте «TAIQONYR QYSHQYL ZAUYTY» ЖШС-нің Созақ ауданындағы күкірт қышқылын өндіру зауытының, Созақ ауданында 2 кезеңнен тұратын уранды қайта өңдеу кешенінің құрылысы барысы талқыланды. Инвесторлар жағдайды баяндады. 2026 жылы жүзеге асатын 2 жоба арқылы 700-дей жұмыс орны ашылады. Шардара ауданында жүгері дәндерін терең өңдеу зауытын «Казкрахмал» ЖШС іске асыруда. Жергілікті бюджеттен сыртқы инфрақұрылымды жүргізуге 200 млн теңге бөлінді Түркістан облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы тарапынан сыртқы инфрақұрылым жүргізу бойынша мердігер компанияны анықтау үшін конкурс жарияланған. Жоба толық іске қосылса, 500 жұмыс орны ашылмақ.