Tүркістан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары басты назарда
Есірткінің айналымына қатысты 280 дерек анықталған
Республикамызда 1 айға жоспарланған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар науқаны басталған болатын. Осыған орай, Түркістан облысы полиция департаментінің мәжіліс залында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс- қимылға бағытталған қызметін үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штабтың мәжілісі өтті. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары, штаб төрағасы Бейсенбай Тәжібаев жүргізді деп хабарлайды newsroom.kz
Аталған шараға Түркістан облысы полиция департаментінің орынбасары, полиция полковнигі Қ.Сахов, өңірлік ведомствоаралық штаб отырысының мүшелері, тиісті сала басшылары мен барлық аудандардың әкім орынбасарлары, жеке құрам қатысты. Күн тәртібінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы және 26 маусым «Халықаралық нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес күні» аясында, облыс аумағында нашақорлыққа қарсы өткізіліп жатқан айлық профилактикалық іс- шараларды өткізу барысы сараланып, талқыланды.
Жиында ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма бастығының міндетін артақрушы полиция полковнигі А. Бурханов 2024 жылдың 4 айында атқарылған жұмыс қорытындысы бойынша баяндады. Ал нашақорлықтың алдын ала бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің медиа – жоспарының орындалуы жайлы Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Е. Күзембаев мәлімдеді. Сонымен бірге нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс- қимылдың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының талаптарының орындалуы жөнінде Облыстық денсаулық басқармасының бөлім бастығы М.Боташева мәлімдесе, кәмелетке толмағандардың мәселелері бойынша Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Нұрпейісов айтып өтті.
Облыс әкімінің орынбасары есірткіге қарсы күрес бағытындағы алдын ала шараларын күшейтіп, жұмысты жүйелеу қажеттігін айтып, жұмысты нашар атқарған жауапты тұлғалар мен аудан әкімдерінің орынбасарларына сын-ескертпелер айтты.
Айта кетсек, облыста 2024 жылдың 4 айында есірткі айналымына қатысты 280 дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сатудың 18 дерегі, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 84 дерегі бар. Заңсыз айналымнан 190 келіден астам есірткі тәркіленсе, есірткіні жарнамалаған 70 ақпараттық сайт бұғатталған деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаменті.