Жаңалықтар

Мыңнан аса түркістандық жемқорлыққа қарсы құқықтық көмек алды

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы мобильді топпен шалғайдағы елді-мекендердің тұрғындарына көшпелі кәсіби құқықтық көмек көрсету кезінде 19 елді мекеннің тұрғындары құқықтық кеңес алып, 11 тұрғынның мәселесі дер кезінде шешімін тапты,-деп хабарлайды newsroom.kz

Мәселен, Көксәйек ауылының тұрғыны, кәсіпкер Төлеби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы 80 жылға жуықтаған салық салу объектісіне жыл сайын бағалау жүргізу туралы бірнеше рет хабарламалар жолдағанын айтып, наразылығын білдірді. 

Кәсіпкердің шағымын зерделей келе, хабарламалардың дұрыс рәсімделмегендігі, камералдық бақылаумен белгіленген салық салу объектісіне жыл сайын бағалау жүргізілмейтіні түсіндірілді.

Топ құрамында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, білікті заңгерлер, адвокаттар мен сот орындаушылар, және нотариустар мен Антикор еріктілер бар.  

Мобильді сыбайлас жемқорлыққа қарсы топ өз жұмысын наурыз айынан бастады, жыл соңына дейін өңірдегі шалғай орналасқан жұртшылыққа тегін заң көмегін көрсету көзделгенін атап өтеміз.