"Бірнеше әйелі барларыңыз да қыздарға қырыңдайсыздар" - блогер қыз феминизмді қолдайтынын айтты

10 Наурыз, 2020 77 0

Белгілі блогер, журналист - Динар Керім қыздарды феминист болуына тек ер адамдар кінәлі екенін айтты, - деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігінің тілшісі. Бұл туралы ол фейсбуктегі парақшасына жариялаған. 

"Алматылық арулар плакат ұстап көшеге шығыпты. Көбіміз неге екенін ұқпадық. Әңгіменің феминизмге тіреліп тұрмағанын бәріміз де жақсы түсініп тұрмыз. Тек өтірік “топастық режимін” қосып, келекеге айналдырдық.

Неге? Өйткені айналамыздағы әр ұрғашыдан “жан-жақты қазақы тәрбиені бойына жиып өскен” қуыршақ жасағымыз келіп, жалған моральға сүйенеміз.

“Еркекті сыйла, бетін қайтарма, бірден жауап жазба, желіге көп фото салма, фигураңды көрсете берме, жыртық шалбар киме, ашық-шашық киінбе, пікірде ешкіммен ұрыспа, күлген смайлик жіберме, әр нәрсе жаза берме, жігітпен сөз таластырма, жұмыс ауыстыра берме, нәзік бол, секси бол, тырнақ өсірме, кірпік жабыстырма, бәйбіше болма, тоқал болма, байға ти, тұрмыс құр, кеш күйеуге шықпа, ұзын ки, қатты боянба, қыз баланың миссиясы отбасы, бала-шағасы, темекі шекпе, кальян тартпа, ішімдік ішу - ұят, қыдырма, бұзылма, сызылма, қызынба, айғайлама, күлме, жүрме, бақырма, шақырма, басымды қатырма, айтқаннан шықпа! Өл-өлме, күлме, сүйме, білме!”

Тиымдар жетеді бізге келгенде.

Бірақ, бірақ! Әйел айтқаннан шықпай өмір сүру үшін (өмір деймін-ау, саналы түрменің тұтқынына айналу үшін) қазіргі ер азаматтар сонша “құрметке” өздері лайық па? Соны айтыңыздаршы?!

Желіде отырып, ойларыңызға келгенін айтасыздар. Бір емес, бірнеше әйелі барларыңыз да біреудің қызы, біреудің қарындасы-ау демей, қырыңдап, неше түрліні жазасыздар. Дұрыс жауап бермесе ол қыздан асқан “жезөкше” жоқ. Өсекті әйелдерден артық айтасыздар. 100% сеніммен жазып отырмын. Қазір осы пост та талай “өзіміздің жігіттер” чатында талқыланатынына да сенімдімін.

Өтінемін, қыздар соншалықты “періге” айналмау үшін өздеріңіз де іштеріңіздегі “жындарыңызды” басып алыңыздаршы сәл. Шіріген сөз, іріген ауыз, ұсақ жігіт, бұзық еркектерден аяқ алып жүре алмай қалдық. Санасқан, таласқан, қатын бетті, қыз дауысты, нәп-нәзік, ниеті арам, сөзі тұрақсыз му*актардан біз де шаршадық", - делінген жазбада. 

Сондай-ақ, Динар Керім жігіттер өздері жақсы жағына өзгере алмаса, қыздарға қалай өмір сүру керектігін үйретпегені дұрыс екенін де жасырмады. "Феминизмге итермелейтін тек өздеріңіз. Оны мойындап жатқан бірің жоқ. “Идеал қыз” қалайсыңдар ғой, өздерің нағыз азамат бола алмай жүріп?!", - дейді күйінген бойжеткен. 


Тегтер: Феминизм, блогер, ДинарКерім

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.