Президент Ұлттық музейдегі өнер туындылары көрмесін тамашалады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Qaz365.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, президентке өнертанушы Ольга Батурина қазақстандық талантты қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрмені таныстырды.
Оның аясында Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі италиялық суретші Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» (La bella principessa) картинасының түпнұсқасын да көрді. Танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» баспасымен бірлесе ұйымдастырылған. Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отыр.
Көрме еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Италияның Қазақстандағы елшілігінің және Италия мәдениет институтының қолдауымен өтіп жатыр.
Елорда тұрғындары мен қонақтары Леонардо да Винчидің осынау бірегей туындысын 4 тамызға дейін тамашалай алады.
Көрменің бізде өтуіне ForteBank мұрындық болды.
«ForteBank атынан біз Леонардо Да Винчидің «La Bella Principessa» картинасын Қазақстанға әкелуге көмектескен демеушілердің бірі болғанымызды мақтан тұтамыз. Италияның Қазақстандағы елшісі Альберти мырза өткен қыркүйекте бұл идеямен бөліскен еді. Біз ForteBank атынан бұл ұсынысты естіген бойда қолдадық. Көптеген жылдар бойы біз мәдениет, өнер жобаларын қолдап келеміз. 2006 жылдан бастап біздің Астанадағы бас кеңсемізде Kulanshi Art Space көрмесі жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде галереяда қазақстандық және шетелдік суретшілердің жұмыстары қойылды. Деңгейі биік «La Bella Principessa» картинасын елге әкелу оңай болмады. Леонардо да Винчи өз заманының генийі”, - деді баспасөз мәслихаты барысында ForteBank басқарушы директоры Әлия Есжан.
La Bella Principessa — 15 ғасырдың аяғында Леонардо да Винчи салған итальяндық ақсүйектерге жататын жас қыздың портреті. Жоғалып кетіп, қайта табылған туынды шебердің ең жұмбақ әрі тартымды туындыларының бірі. Бұған дейін картина әлем бойынша бес рет қана қойылып, көпшіліктің үлкен қызығушылығын тудырған еді.
Ұйымдастырушылар барлық елорда тұрғындары мен қонақтарын Леонардо да Винчидің сирек туындысын бағалау үшін көрмеге шақырады.