Жаңалықтар

Қазақстанда төрт жылда алғаш рет азық-түліктің кейбір түрі едәуір арзандады

Әуелі қымбатшылық қызметтерді айналып өтпеген

Ұлттық статистика бюросы жекелеген азық-түлік тауарларының бағасының бұрын-соңды болмаған деңгейде төмендегені жөнінде мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды newsroom.kz 

Әуелі қымбатшылық қызметтерді айналып өтпеген. Өткен жылғы мамырмен салыстырғанда тарифтер су бұруға – 43,9%, суық суға – 35,9%, ыстық суға – 35%, орталықтан жылытуға – 33%, электр энергиясына – 31,4%, қоқыс шығаруға 31,2% өскен.

Баға денсаулық сақтау қызметтеріне – 14%, ұялы байланыс, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету орындары қызметтеріне – 12,4%-дан, демалыс және спорттық іс-шаралар саласындағы қызметтеріне – 12,1%, салт-жора қызметтеріне – 11,9%, үй жөндеу қызметтеріне – 10,8%, санаторийлер, қоғамдық тамақтандыру қызметтеріне 9,8%-дан жоғарылады. Таксимен жол жүру – 11,7%, қалалық автобуспен – 9,3%, жолаушылар теміржол көлігімен – 5,9%, қалааралық автобуспен 4% қымбаттады.

Баға деңгейі отандық құрастырма жаңа жеңіл автомобильдерге – 13,4%, фармацевтикалық өнімдерге – 11,5%, жиһаз және үйге қажетті заттарға – 11%, киім және аяқ киімге – 10,8%, жеке қолданылатын тауарларға – 8,9%, құрылыс материалдарына – 6,3%, ыдысқа 5,2% өсті. Сұйытылған газ баллондағы 10,8% қымбаттады.

Бағаның өсуі сәбізге – 18,4%, күрішке – 17,4%, минералды және ауыз суға – 16,9%, жаңа жиналған жемістерге – 14,8%, салқындатылған сусындарға – 13,3%, алкогольді ішімдіктер және темекі өнімдерге – 13,1%, жеміс және көкөніс шырындарға – 11,8%, жаңа ауланған балыққа – 11,7%, сары майға – 11,2%, кондитерлік өнімдерге – 10,9%, бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай нанға 10,6% тіркелді. 

«Бағаның төмендеуі пиязға – 42,9%, күнбағыс майына – 24,7%, қарақұмық жармасына – 23,9%, ақ қауданды қырыққабатқа – 18,1%, құмшекерге 4,9% байқалды», - делінген хабарламада.

Өңірлер бөлінісінде 2024 жылғы мамырда инфляция жылдық мәнде орташа республикалық деңгейден асатын он өңірде қалыптасты. Олардың ішінен ең жоғары Қарағанды (10,5%), Маңғыстау (10,2%) облыстарында, Астана қаласында (10,4%) тіркелді.