Бишімбаевтың атасы 12 қазақты Итжеккенге айдатқан - тарихшы
Тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы өткен үшін бүгінгі ұрпақ жауап беруі міндетті емес деген пікірде
Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталып, сотты болған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың әулеті де қазақ қоғамына жақсы танымал. Тарихшылардың сөзіне сенсек, оның атасы кезінде лауазымды қызмет атқарған, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы Dalanews.kz-ке сілтеме жасап.
Дегенмен тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы өткен үшін бүгінгі ұрпақ жауап беруі міндетті емес деген пікірде.
"Атасының істеген қылмысы үшін неге немересі жауап беруі керек? Қуандық Бишімбаевтың соты болып жатқанда оның туған атасы 12 қазақты бір ұйғырды соқты деген айыппен Итжеккенге айдатып жіберген (деген ақпарат шықты - еск.). Оған Қуандықтың қандай қатысы бар?! Әйтпесе Қуандықты әйелін ұрып өлтіретін қылып атасы тәрбиелеп пе? Ол - тарих. Өткен заман үшін бүгінгі ұрпақ, немересі, шөпшегі жауап беруге міндетті емес. Әлиханның 13 жылы жазған мақаласында "Тарих не үшін керек? Тарихтан қай жерден сүріндік, қай жерде құладық, қай жерден гүлдендік, соны білуіміз керек" дейді ғой. Тарих сол үшін ғана керек. Ғалым ретінде тарихты айнадай көрсетуіміз керек. Біреуді ақтау, біреуді қаралау міндеті (алдымызда - еск.) тұрмауы керек", - деді тарихшы Сұлтан Хан Аққұлы "Қасқа жолға".
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде "Қуандық Бишімбаевтың әжесінің есімі көшеге берілген" деген ақпарат тарап кеткен еді. Dalanews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне жүгінгенде, расында да, Түркістан облысында Мария Бишімбаева атындағы көше бар болып шықты. Дегенмен бір нюанс бар.
"Бишімбаева Мәриям - Төлеби ауданының Құрметті азаматы. Ауданға еңбегі сіңгені үшін Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы бұрынғы атауы Садовая көшесі Леңгір қаласы әкімдігінің 2001 жылғы 6 шілдедегі №215 шешімімен Мария Бишімбаева көшесі болып қайта аталды", - деп жазылған еді жауапта.
Дегенмен бұл есімнің әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаевқа ешқандай қатысы жоқ болып шықты.
"Мария Бишімбаева - облыс, ауданның дамуына үлкен үлес қосқан, бірнеше жыл Қазығұрт ауылдық кеңесің басқарған, елге еңбегі сіңген азамат", - деп жауап берді әкімдіктегілер.