Жаңалықтар

Тоқаев Сингапурдағы бизнес форумда не айтты?

Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында сөз сөйледі

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан-Сингапур бизнес форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндіктер ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты.

"Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай келеді. Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық", – деді Мемлекет басшысы.