Әскер

Алматыда "Mini-MBA" бағдарламасы бойынша оқыған офицер-түлектерге құрмет көрсетілді

Бағдарлама 2012 жылы Менеджмент, кәсіби дағдылар және бизнес құзыреттілігі бойынша негізгі білім алу мақсатында іске қосылды

КИМЭП университетінде ҚР Қорғаныс министрлігінің 23 әскери қызметшісінің "Mini-MBA" бағдарламасы бойынша оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілуіне орай салтанатты іс-шара өтті,-деп хабарлайды newsroom.kz 

Оған Қорғаныс министрінің орынбасары Әскер Бейсенов пен Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева құрметті қонақ ретінде қатысты.   

Айта кету керек, бұл өзара әрекеттестіктің алғашқы мысалы емес. Қорғаныс министрлігі КИМЭП университетімен 2015 жылдан бері тығыз қарым-қатынас жасап келеді. 2016 жылы КИМЭП-тің басшы кадрларға арналған Іскерлік әкімшілендіру магистратурасының бағдарламасын 10 офицер сәтті бітірген болатын. Бүгінгі таңда олар қорғаныс ведомствосының Орталық аппаратында басшылық қызметтер атқарып жүр. 

Офицерлердің айтуынша, сабақтар нақты кейстерді және әлемдік нарықтың үздік сарапшылары мен білгірлерінің бай тәжірибесін пайдалана отырып, өте нәтижелі өткен. Курс 2023 жылғы 23 маусымдағы Қорғаныс министрлігі мен "КИМЭП университеті" КЕАҚ арасындағы азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және әскери білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге сәйкес ұйымдастырылды. Оқыту Ұлттық қорғаныс университеті базасында "КИМЭП университеті" КЕАҚ профессорлық-оқытушылар құрамының басшылығымен 2023 жылдың қыркүйегінен 2024 жылдың ақпанына дейін өтеусіз негізде жүргізілді. 

"Mini-MBA" бағдарламасы Қазақстанда 7 жылға арналған Foundation for International Business Administration Accreditation (Бонн, Германия) халықаралық аккредитациясын екі рет алған жалғыз бағдарлама. Бағдарлама 2012 жылы Менеджмент, кәсіби дағдылар және бизнес құзыреттілігі бойынша негізгі білім алу мақсатында іске қосылды.