Кәсіптерін су шайған шағын және орта бизнес қандай көмек алады?
Өтемақы өтініште көрсетілген шотқа 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі
Ұлттық экономика министрлігі Қаржы министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен және зардап шеккен өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп 2024 жылғы су тасқынының салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне (бұдан әрі – ШОБ) келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларын әзірледі,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Naryk.kz
Төлемдерін сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта бизнес субъектілерінің жоғалған немесе бүлінген мүлкі үшін өтемақы беріледі.
Кәсіпкерлер өтемақы төлеуге өтініш бермес бұрын келтірілген шығынды бағалап, өтемақы мөлшерін анықтауы қажет.
Келесі шығындар өтелуге жатады:
Жылжымайтын мүлік (ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар) – ұсынылған ақаулық ведомосі, жобалау-сметалық және сметалық құжаттама бойынша.
Тауарлық-материалдық құндылықтар, негізгі құралдар (жылжымайтын мүлікті қоспағанда) – айналымның не кәсіпкерлік субъектісі табысының орташа айлық сомасына байланысты Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізінде.
Жылжымалы мүлік – қалпына келтіру жөндеу сметасына сәйкес, мүлікті бағалау туралы есеп бойынша.
- Төлемдер өңірлердегі мемлекеттік бюджет қаражатынан және бюджеттен тыс қорлардан жүзеге асырылатын болады.
- Номалар агроөнеркәсіптік кешендегі кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік залалдарды өтеуге қолданылмайды, олар үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген өтемақы төлеудің жекелеген ережелері қолданылады.
- Жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтар үшін өтемақы көтерме жеткізушінің сатып алу бағасы бойынша жүзеге асырылады.
- Өтемақы туралы шешімді жергілікті жерлерде әкімдіктер құрған Өңірлік комиссиялар қабылдайды.
- ШОБ субъектісі өтемақы сомасымен келіспеген жағдайда, залал мөлшері сот сараптамасы негізінде айқындалады.
- Бағалау және/немесе ілеспе аудиторлық қызметтерді жүргізуге байланысты қызметтерге ақы төлеу, қалпына келтіру жұмыстарына, адвокаттардың қызметтеріне сметалар жасау және шығындарды калькуляциялау әкімдіктер есебінен жүргізіледі.
- Өтемақыға өтініштер 2024 жылдың 30 қарашасына дейін қабылданады.
Өтемақы алу үшін өтініш беру тәртібі
1) Кәсіпкер өтемақы төлеуге өтініш берер алдында аудан/қала әкімдігіне 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен деп тану туралы өтінім жасайды;
2) Кәсіпкер өтемақыға өтініш берер алдында бағалау және сараптама компанияларын тарта отырып, келтірілген шығындарды бағалауды жүзеге асырады (компаниялардың тізбесі әкімдіктердің сайттарында жарияланады);
3) Кәсіпкер қажетті құжаттарды жинағаннан кейін e-gov.kz электронды порталы арқылы немесе қағаз жеткізгіште әкімдікке залалдарды өтеу туралы өтінішті жолдайды (мүлік иесі өтінішті жеке өзі бере алмаса, ол сенім білдірген тұлға ұсынуы мүмкін)
4) Өңірлік комиссия 5 жұмыс күні ішінде өтінішті қарайды және өтемақыны қанағаттандыру не одан бас тарту туралы шешім қабылдайды;
5) Өңірлік комиссия 1 жұмыс күні ішінде отырыс хаттамасына қол қояды және 1 жұмыс күні ішінде кәсіпкерді қабылданған шешім туралы хабардар етеді;
6) Өтемақы өтініште көрсетілген шотқа 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Өтемақы алу үшін қажетті құжаттар тізімі:
1) жеке кәсіпкерлер үшін – жеке кәсіпкердің талоны,
заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама;
2) меншік құқығын растайтын құжаттар;
3) ерікті мүліктік сақтандырудың жоқтығы туралы өтініш;
4) мүлік иесіне ұсынылатын құжаттардың дұрыстығы үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген жазбаша хабарлама
5) бағалау, сараптама ұйымдарына мәліметтердің дұрыстығы үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескертілген жазбаша хабарлама
6) келтірілген шығындарды бағалауды растайтын құжаттар;
7) бағалау және өтемақы мөлшерін айқындау үшін тартылатын өзге де компаниялардың көрсеткен қызметтеріне ақы төлеуге арналған шот-фактура немесе шот;
8) зақымдану фактілерін растайтын өзге де құжаттар, фото және бейнематериалдар.
Өтемақы мәселелері бойынша кеңес алу үшін «Атамекен» ҚР ҰКП-ның 1432 сенім телефоны жұмыс істейді.