Мемлекет басшысы нон-стоп режимде: ПӘ басшысы сұхбат беріпті

Су тасқыны , халықты тасқын зардабына бөлініп жатқан қыруар қаржының өз орнымен жұмсалуы қатты алаңдатады

Фото: Ақорда

ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев Jibek Joly телеарнасына сұхбат берді,-деп хабарлайды Newsroom.kz

— Су тасқыны , халықты тасқын зардабына бөлініп жатқан қыруар қаржының өз орнымен жұмсалуы қатты алаңдатады. Оның үстіне, өткенде ғана осы мақсатқа бөлінген 1 млдр теңге қолды болды деген ақпарат тарап кеткенін білесіз. Ол ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады? Әрі Президент барлық шығындардың жұмсалуын халық көріп отырсын деп тапсырма берді емес пе? Мұны қалай орындап отырсыздар?

— Сұрағыңыз орынды. Себебі, бұл жерде ақпаратты бұрмалауға жол бермей, халыққа шынайы ақпарат беріп отыру өте маңызды. Қаржылық мониторинг агенттігі таратқан мәліметке келсек, «гидротехникалық нысандарға бөлінген қаражаттың 1 млрд теңгесі жымқырылды» деген ақпаратты кейбір азаматтар дұрыс түсінбеген сияқты. Расында, бұл қаражат — бұдан бұрынғы жылдары бөлінген, гидротехникалық нысандарды жөндеу, бөгеттерді салуды қамтамасыз етуге арналған қаражат болған. Яғни, биылғы су тасқынының салдарымен күреске бөлінген қаражат емес. Сондықтан, елді дүрліктірмес үшін, төтенше жағдай кезінде кез келген ақпаратты мұқият тексеріп алып, халыққа түсінікті тілмен тарату өте маңызды.
Сондай-ақ азаматтарға ыңғайлы болуы үшін арнай qoldau.gov.kz сайты ашылды. Сайтта өтемақы алу, зардап шеккен тұрғын үйлерді қайта салу бойынша өтініш қабылдау функциясы бар.
Оған қоса, бөлінген қаражатты қадағалау үшін сайттың ішінде арнайы парақша ашылады. Тасқыннан зардап шеккен азамат өзінің аты-жөні мен ЖСН-ін енгізу арқылы кіріп, оған тиесілі көмек түрлері туралы ақпарат алатын болады. Бұл функция жақында іске қосылады. Осылайша әрбір азамат өзіне тиесілі көмекті бақылай алады.

— Еш жасыратыны жоқ, көпшіліктің елең етіп жібермей оқитын хабары — ол шетелден қайтарылған активтер, қаржы мәселесі. Бірақ, көпшіліктің көкейінде «қайтарылған қаражат халық игілігіне шынымен бағытталып жатыр ма?» деген сауал бар. Осы қаражат мақсатты жұмсалып жатыр ма?

— Әрине, халықтың оны бақылауы орынды. Бұл қаражатты қайтарудағы басты мақсат — оны мемлекеттің экономикалық айналымына түсіру, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Қазіргі кезде заңсыз активтерді қайтарудан түскен қаражаттың бір бөлігі, Президенттің тапсырмасы бойынша 62 мектептің құрылысына жұмсалды, бұл — 76 мыңнан аса оқушыны мектеппен қамтамасыз ету деген сөз. Оның жартысынан астамы қолдануға берілді, жыл соңына дейін тағы 25 мектептің құрылысы аяқталады. Келесі жылы қосымша 20 мектеп салынады.
Тағы бір мысал келтірейін. 180 миллиард теңге қайтарылған қаржы тұрғындарға ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алуға, аймақтардағы автобус парктерін жаңартуға, өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыруға және жеңілдетілген автонесие беруге бағытталды.
Алматы қаласындағы қайтарылған жер телімдерінің бірінде 240 орындық балабақша салынатын болды. Айта берсек, мұндай мысал көп. Мемлекетке қайтарылған халық қазынасы еліміздің мұқтаждықтарына жұмсалып жатыр, оның барлық механизмі «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңында жазылған. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған практика екенін атап өткен жөн. Қазір бұл тәжірибені беделді халықаралық ұйымдар да, серіктес елдер де құптап отыр.
Заңсыз активтерді қайтару ісі бұдан әрі де жалғасады. Елдің аузынан жырылған қаржыны қайтару механимдері әлі де жетілдірілу үстінде.

— Айбек Арқабайұлы, ендігі сұрақ — ол тіл мәселесі. Елімізде тілге қатысты қандай да бір түйіні тарқамаған мәселе бар ма?

— Мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі. Қасым-Жомарт Кемелұлы — нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты — мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу.
Қадыр ақын айтпақшы, біз өз тілімізді құрметтеуге міндеттіміз, ал өзге тілдің бәрін білуге ұмтылуымыз керек. Қазақтың қазақша ғана сөйлемей, орысша, ағылшынша, қажет болса, басқа тілдерді жетік меңгеруі — біздің ұлтымыздың артықшылығы. Әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деседі, соның арқасында ол телегей теңіз білім жинады, әлемнің «екінші ұстазы» атанды.
Бұған қоса, біздің елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейді. Бұл — мемлекетіміздің негізгі заңы — Ата заңда жазылған норма. Біз дамыған ел боламыз десек, бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция нормаларын қатаң сақтауымыз керек.
Жауапты органдардың зерттеулеріне сәйкес, қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81 пайыздан асқан. Қанша тіл білсең, сонша әлемге есік ашылады дейді. Президент жастардың да бірнеше тілде сөйлейтінін айтып, оларға сенім артып отыр. Демек, бұл өз тіліңді құрметтеп, өзге тілдің бәрін біл деген ұстаным. 
— Иә, оның үстіне біз көпұлтты мемлекетпіз ғой.
— Өздеріңіз білесіздер, елімізде көптеген этнос өкілдері тұрады. Бұған себепкер болған тарихи оқиғаларды жақсы білесіздер. Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл — ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та, тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді.
Жалпы, біздің елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бірақ, бұл — еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған аса астары терең саясат. Нақты формуласы — көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті — тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең…» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы.
Біле білсек, тілдік төзімділік — қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіпсіздігіміздің кепілі. Даурықпа айқай, дәл қазір не қылса да бола салсын деген талап мүлдем бұрыс нәтиже әкелуі мүмкін!
Мемлекет басшысы айтқандай, қазақ тілі түбінде ұлтаралық тілге айналады, оның күні тіпті де алыс емес. Қазірдің өзінде ана тілімізде еркін сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді. Жақында ғана Ассамблея сессиясында тек ана тілімізде сөйлеп қана қоймай, оны насихаттап, таратуда нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар өзге ұлт өкілдері атап өтілді,-деді ол.

Жүктелуде...