Сүйінші! Қазақстан кинотеатрларында DISNEY компаниясының үш бірдей туындысы: Disney және Pixar студияларының «Ой жұмбақ 2» анимациялық фильмі, Disney компаниясының «Моана 2» шытырман оқиғасы мен «Муфаса: Арыстан патша » көркем фильмі қазақ тілінде көрсетіледі. Бұл сүйінші жаңалықты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы til.kz ресми сайтында жариялады,-деп хабарлайды Newsroom.kz
Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 30-ға жуық нұсқасын дайындайды. Қазақ тілінің осындай ірі тілдер қатарына қосылуы, сүйікті фильмдердегі өзімізге жақсы таныс кейіпкерлердің бізбен бірге бір тілде сөйлеуі – өте маңызды қадам. Осы тұрғыда Халықаралық «Қазақ тілі»қоғамының негізгі жұмыс бағыты Disney компаниясының ұстанымен үндес келеді. «Қазақ тілі» қоғамы мемлекеттік тілдегі контент қорын, атап айтқанда, бала тілін қазақша шығаруға қажет құралдардан бастап, әр адамның қазақ тілі аясында тұлға әрі маман болып қалыптасуына керек мазмұн қорын арттыруға басымдық береді. Әлемдік анимация жауһарлары, қазақ тіліндегі кинопрокат бағытындағы контенттің қазақ тіліне аудару бастамасын қолдайды. Бұл жолы “Қазақ тілі” қоғамы Disney командасымен бірлесе аталған фильмдерді қазақстандық көрермендерге кеңінен насихаттау және таратуға атсалысады.
«Фильмдерді әртүрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясындағы контент әзірлеу жұмысының ажырамас бөлігі әрі бұрыннан қалыптасқан үрдісі. Сол себепті Disney Character Voices International ұжымы әр фильмнің түрлі тілдерге аударылған 30-ға жуық нұсқасын әзірлейді. Осы нұсқалардың әрқайсысындағы кейіпкерлердің бірегей бейнесін сақтай отырып, оны көрермендерге «жақын» әрі түсінікті етіп аударатын, дубляждайтын дарынды шығармашылық кеңесшілер мен техникалық мамандар тобы жұмылдырылады, – дейді Орталық және Шығыс Еуропа, ТМД елдері, Грузия және Моңғолиядағы Disney компаниясының бас директоры Кахабер Абашидзе.
«Қазақстандық көрермен мемлекеттік тілде көрсетілетін Disney премьераларын қашанда ерекше ықыласпен қарсы алады. Бұл дәстүр 2024 жылы да жалғасын таппақ. Үлкен экрандардан қазақ тілінде көрсетілген «Моана», «Көліктер 3», «Коконың құпиясы» және «Арыстан патша» (2019) фильмдерінің қатары жаңа туындылармен толықпақ. Қазақ тілінде еркін сөйлейтіндер де, тілді енді үйреніп жүргендер де сапалы дубляждалған фильмдерді тамашалаудан ләззат алары cөзсіз», – деп пікір білдірді Қазақстан аумағындағы Disney фильмдерінің ресми дистрибьюторы, «Меломан» компаниясының бас директоры Вадим Голенко.
14 маусымнан бастап кинотеатрларда Disney мен Pixar командасы түсірген танымал анимациялық туындының көптен күткен жалғасы – «Ойжұмбақ 2» көрсетіледі. Мұнда көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышады. Кейіпкердің санасында күтпеген жерден пайда болған жаңа эмоцияларға орын босату үшін Бас бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары басталады...
Фильмнің постері мен алғашқы кадрларын мына сілтеме арқылы жүктеп алуға болады: https://we.tl/t-1cZWuC0Zoe
Ал көптен күткен екінші релиз – Disney компаниясының «Моана 2» анимациялық шытырман оқиғасын қараша айынан бастап тамашалай аламыз. Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.
Фильмнің алғашқы кадры мына сілтемеде: https://we.tl/t-RhJRr7Y8jD
Тизерін мына сілтеме арқылы көруіңізге болады: https://youtu.be/KB1VDoeLZ2k?si=cGT6xQyRaSVuWNU0
Қазақ тілінде көрсетілетін үшінші туынды – Disney компаниясының «Муфаса: Арыстан патша» көркем фильмі. 2019 жылғы «Арыстан патша» фильмінде қолданылған заманауи технологиялардың көмегімен түсірілген бұл картина Муфасаның балалық және жастық шағын, бауыры Шраммен арадағы өшпенділіктің түпкі тарихын баяндайды. Фильм режиссері – Барри Дженкинс («Ай сәулесі»), сценарийін Джефф Натансон («Терминал») жазған.
Ұсынылған фильмдердің қазақ тіліндегі дубляжы қазақстандық Movie Dalen студиясында жасалды.