Атырауда "нәрестені тоңазытқышқа салып өлтірді" деп айыпталған дәрігерлерге қатысты сот отырысы басталды. Негізгі айыпталушылардың қатарында 6 ақ халатты. Оның ішінде облыстық перинаталдық орталықтың басшысы Қуаныш Нысамбаев бар. 7 айға созылған тергеу жұмыстары аяқталып, күдіктілер фемида өкілдерінің алдында жауап беруде. Сотқа тартылған куәгерлер тым көп болғандықтан, отырыс видеобайланыс арқылы өтеді деп жоспарланған екен. Бірақ, техникалық ақауларға байланысты ол мүмкін болмапты. Сондықтан, қазір процесс қауіпсіздік мақсатында тек қос тараптың қатысуымен ғана жүріп жатыр деп хабарлайды Newsroom+ ақпараттық агенттігі
Еуразия бірінші арнасына сілтеме
https://www.youtube.com/watch?v=y2K7kjBI2mE
Боранбай Ғалиев, атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы
"Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қуаныш Нысамбаев пен акушер-гинеколог Асқар Қайыржанға, дәрігерлер Руслан Нұрмаханбетов пен Дариға Жұмабаеваға және акушер Рамиға Құлбатыроваға қатысты қылмыстық іс бойынша, алғашқы сот отырысы басталды. Сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр. Болашақта қандай бағыт алатынын қосымша хабарлайтын боламыз".
Еске сала кетейін, қоғамды дүр сілкіндірген оқиға өткен жылдың қазанында кездейсоқ анықталған. "Көптен бері пара алды" деген күдікпен перинаталдық орталық басшысының ұялы телефонын тыңдап жүрген жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері жантүршігерлік қылмыстың бетін ашқан болатын. Осы іске кінәлі бірқатар лауазымды тұлға да жазасыз қалған жоқ. Ақпан және наурыз айларында облыстық денсаулық сақтау басқармасының экс-жетекшісі Мәншүк Аймұрзиева мен облыстық паталоганатомиялық бюросының бұрынғы басшысы Исатай Молдағалиевке "қызметіне салғырт қарады" және "қызметін асыра пайдаланды" деген баптармен кінә тағылып, сот шешімімен екі басшы қомақты айыппұл арқалаған еді.