Жаңалықтар

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне қандай төлем, көмек түрлері қарастырылған?

Қанша теңге біржолғы көмек беріледі?

Биыл Қазақстанның барлық өңірінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай ардагерлерге кемінде 1,5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі.

Биыл Қазақстанның барлық өңірінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығына орай ардагерлерге кемінде 1,5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі. Massaget.kz тілшісі кімдер қандай көмек алатынына шолу жасады, – деп хабарлайды newsroom.kz.

Қанша теңге біржолғы көмек беріледі?

50,1 мың адамға, яғни Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және Жеңіске үлес қосқан адамдарға мемлекеттен 3 миллиард теңге көлемінде қарастырылған.

«Жыл сайын біржолғы материалдық көмек дәстүрге айналды. Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 50,1 мың адамға 3 миллиард теңге жалпы сомаға біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр, оның ішінде 148 ардагерге 262,7 миллион теңге бөлінеді», – деп жазылған жауапта.

Облыстардың, Астананың мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС ардагерлері үшін материалдық көмектің ең төменгі шегін 1,5 миллион теңгеден кем емес мөлшерде белгілеу ұсынылған. Нәтижесінде, өңірлердің көбінде біржолғы қаржылай төлемнің мөлшері осы шамада болып отыр.

«Кейбір өңірлерде жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты төлем мөлшері көбірек болады. Бүгінде ҰОС ардагерлеріне барлық өңірде көмек берілді. Қалған санаттар бойынша төлемдер 9 мамырға дейін аяқталады», – деп жауап берді министрлік өкілдері.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, соғысқа қатысқан ардагерлерге және тыл ардагерлеріне берілетін зейнетақы, әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді.

«Азаматтардың 19 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл ардагерлерлі және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді», – деп жазылған хабарламада.

1 мамырдағы жағдай бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлемнің орташа жиынтық мөлшері мынадай:

- ҰОС қатысушылары үшін 239 844 теңге (108 адам);

- ҰОС кезеңінде алған жарақат, ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін 250 125 теңге (40 адам);

- басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлер үшін 217 348 теңге (26 149 адам);

- жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдарға 196 861 теңге (3 477 адам);

- ҰОС кезеңінде жарақат алған, мертіккен немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін 151 548 теңге (14 043 адам);

- ҰОС жылдарындағы тыл жұмысшылары үшін 161 432 теңге (47 477 адам).

Басқа қандай көмек түрлері қарастырылған?

Қазақстанда ардагерлер әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Олар салық бойынша жеңілдіктерді пайдаланады.

«Оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаториялық-курорттық емдеу түрлері ұсынылады (373,7 миллион теңгеге 1 636 адам)», – деп жазылған министрлік жауабында.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджет қаржысы және демеушілердің қаражаты есебінен ардагерлерге мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік көмек көрсетеді:

– тұрғын үйді жөндеу (14,3 миллион теңгеге 53 адам);

– отынмен қамтамасыз ету (14,5 миллион теңгеге 342 адам);

– қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (9,5 миллион теңгеге 629 адам);

– дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (76,5 миллион теңгеге 7 020 адам);

– тіс протезіне (37 миллион теңгеге 203 адам);

– азық-түлік (54,4 миллион теңгеге 6 272 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.