Отандық эстрада жұлдызы Айжан Нұрмағамбетова алғаш рет жеке өмірі жайлы сыр шертті. Әнші бірінші некесінің неге сәтсіз аяқталғанын "Алғашқы" бағдарламасында айтып берді,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Сұхбат барысында Айжан Нұрмағамбетова алғашқы некедегі жолдасы ерте қайтыс болғанын еске алды. "Жалпы әкем "маған ұқсайтын ер азаматты іздеме" деп айтатын. Бірақ менде жастық максимализм болды, сондықтан ол үшін өзімнен басқа ешкімді кінәламаймын. Бірақ ол кісі қаза тапқанда қатты жыладым, арамызда махаббат болды", - деді әнші. Өнер иесі баянсыз махаббаттан соң жүрегіне жол тапқан Әділ есімді азамат жайлы сөз етті. Эстрада жұлдызы қазіргі жолдасының қызғаншақ болғанын да жасырған жоқ. "Маған ғашық жігіттер 2-3 күнде тұрмысқа шық деп айтатын. Бірақ бәрі сахнадан кеткенімді қалады, бриллиантқа көміп тастап, үйде отырғызғысы келді. Ал бұл кісі артымнан қалмады. Содан тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады, айтқанымның бәріне көнді. Тек қызғаншақ екенін айтпады. Гәстрөлге кетсем, артымнан қалмайды. Шетелге кетсем, шетелге шығады. Ауылды жерлерге барсам, хабарласып тауып алады. Кейде сыртымнан құлыптап кететін. Қыздармен шай ішейін десем, "40 минут жете ме?" деп сұрайтын. Ол жас кезде болған жайт, қазір қартайғанда кімге керекпін?", - деп күлді Айжан Нұрмағамбетова.