Жаңалықтар

Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі академик Кеңесбай Мұсаевтың дүниеден озуына байланысты көңіл айтты

Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі академик Кеңесбай Мұсаевтың дүниеден озуына байланысты көңіл айтты

Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі танымал түрколог, академик Кеңесбай Мұсаевтың дүниеден озуына байланысты марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

 width=

«Түркология ғылымы ауыр қайғыға душар болды. Көрнекті ғалым, түркі тілдері лексикологиясының, қыпшақ тілдерінің білікті маманы, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі, доктор, профессор Кеңесбай Мұсаев 89 жасында дүние салды.

Орны толмас қазаға орай өзімнің және Халықаралық Түркі академиясының ұжымы атынан Кеңесбай Мұсаевтың туыстары мен жақындарының, әріптестерінің қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын»,  деді Академия басшысы.

Айта кету керек, Кеңесбай Мұсаұлы Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының тумасы. Мәскеуде жарты ғасырға жуық жемісті еңбек етіп, 320-дан астам ғылыми еңбек жариялады. Оның ішінде түркология мәселелеріне арналған 14 кітаптың авторы. «Парасат» орденінің иегері.

Ресей Ұлттық Ғылым академиясы Тіл білімі институтында абыройлы қызмет еткен Кеңесбай Мұсаевқа 2004 жылы Ресей Федерациясының ғылымға еңбегі сіңген қайраткері атағы берілген.

Сонымен қатар ол «Түрік тілі» қоғамының құрметті мүшесі және Мәскеудегі “Қазақ тілі” қоғамының құрметті төрағасы.

Марқұм Кеңесбай Мұсаұлының артында өшпес мол мұра қалды. Оның ғылымға, соның ішінде түркология саласына сіңірген өлшеусіз еңбегі ұмытылмайды.