Жаңалықтар

Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды

Күндіз Қарағанды облысының шығысында қатты жаңбыр жауады

5 мамырда Қазақстанның 17 облысында дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы "Қазгидромет" РМК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Күндіз Қарағанды облысының шығысында қатты жаңбыр жауады, облыстың оңтүстігінде, шығысында найзағай ойнайды деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстіктен-батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Облыстың батысында, оңтүстігінде, орталығында өрт қаупі жоғары. Қарағандыда оңтүстік-батыстан солтүстіктен-батысқа ойыса соққан желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді деп күтіледі. 

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында солтүстік-батыстан, солтүстіктен 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтіледі, облыстың шығысында өрт қаупі жоғары.

Күндіз Жетісу облысының орталығында, таулы аудандарында найзағай ойнайды деп күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысында солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с дейін жетеді. Талдықорғанда түнде найзағай ойнайды деп күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің найзағай кезіндегі екпіні - 15 м/с.

Күндіз Алматы облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында аракідік қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжанады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің екпіні күндіз облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, таулы аудандарында 15-20 м/с, кей тұста 24-29 м/с дейін жетеді. Алматыда кешке қатты жаңбыр жауады деп күтіледі. Күндіз найзағай ойнап, жел соғады. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің найзағай кезіндегі екпіні 15-20 м/с, кей тұста 25 м/с құрайды. Қонаевта күндіз найзағай ойнап, дауыл тұрады деп күтіледі. Оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ойыса соққан желдің найзағай  кезіндегі екпіні 15-20 м/с, кей тұста 24-29 м/с дейін жетеді.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде сынап бағаны 3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүреді. Орал қаласында да түнде топырақ беті қатып, сынап бағаны -3 градусты көрсетеді деп болжанады. 

Қызылорда облысының орталығында, шығысында қатты жаңбыр жауады, күндіз облыстың орталығында, солтүстігінде, шығысында найзағай ойнап, бұршақ түседі деп күтіледі. Солтүстіктен, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні өңірдің солтүстігінде, шығысында, орталығында 15-20 м/с құрайды. Облыс орталығында, оңтүстігінде өрт қаупі жоғары. Қызылордада жаңбыр жауады, таңертең және түстен кейін қатты жаңбыр жауады. Аракідік найзағай ойнап, солтүстіктен жел соғады, екпіні - 15-20 м/с. Өрт қаупі жоғары.

Түнде Ақмола облысының солтүстігінде, күндіз облыстың шығысында солтүстік-батыстан, солтүстіктен 15-20 м/с жылдамдықпен жел соғады деп күтіледі.

Атырау облысының солтүстігінде түнде сынап бағаны -2 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал. Облыстың солтүстігінде, батысында, шығысында өрт қаупі жоғары.

Түнде Павлодар облысының солтүстігінде, күндіз оңтүстігінде, шығысында найзағай ойнайды деп күтіледі. Солтүстік-батыстан соққан желдің найзағай кезіндегі екпіні - 18 м/с. Павлодарда күндіз найзағай ойнайды деп күтіледі.