Астанаға келуші туристердің саны 12%-ға артты
Туристер жиі келетін елдер қатарынан бірінші орында - Ресей Федерациясы
Астанаға келуші туристердің саны артты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жанабаев айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.
2023 жылдың қорытындысы бойынша елордаға келуші туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 12%-ға артқан. Оның ішінде резидент еместер 287 126 адам, резиденттер 1 036 921 адам. Туристер жиі келетін елдер қатарынан бірінші орында Ресей, одан кейін ҚХР, Түркия, Германия, Өзбекстан, АҚШ және т.б. елдер бар.
2023 жылы әуе жолаушылар ағыны 7,5 млн. адамды құрап, 25%-ға өсімді көрсетсе, теміржол ағыны шамамен 5,5 млн. адамды құрап, 4%-ға артқан. Негізгі өсім әуе көлігімен тасымалдауда тіркелген. 30 бағыт бойынша әлемнің 13 еліне 23 авиакомпания тікелей халықаралық рейстерді жүзеге асырған. 79 елмен визасыз режим қайта жанданған.