Енді несиесі айлығының жартысына тең қазақстандықтарға жаңа несие берілмейді
Егер жалпы несие төлемдері кірістің 50%-ына жетсе, жаңа несие берілмейді
Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін несиесі жалақының жартысынан асса, онда оған жаңа несие берілмейді,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Мәжілісмендер жалпы отырыста екінші оқылымда мақұлданған "Кейбір заңнамалық актілерге несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқығын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына осындай түзетулер енгізді.
"АMANАТ" фракциясының мүшесі Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, несие берушілер енді қарыз жүктемесінің коэффициентін (ДЛР) есептеп барып, несие беруі керек. Мысалы табысыңыз 200 мың теңге болса, несиенің ай сайынғы төлемі 100 мыңнан аспауы керек. Егер жалпы несие төлемдері кірістің 50%-ына жетсе, жаңа несие берілмейді.
Депутаттардың айтуынша, бұл шаралар студент сияқты табыс көзі жоқ адамдарға несие беруді болдырмау үшін жоғары пайыздық мөлшерлеме арқылы несиелеудің өсуін тоқтатуға бағытталған. Заң жобасы қазір сенатта қаралып жатыр.