Жаңалықтар

Блок-бекеттегі сұмдық: 3 адам жұмыстан қуылып, бірқатары «қатаң сөгіс» алды

Блок-бекеттегі сұмдық: 3 адам жұмыстан қуылып, бірқатары «қатаң сөгіс» алды

Алматыда блок бекеттегі қайғылы жағдайға жол берген 3 лауазымды тұлға жұмыстан қуылды. Ал, 6 басшы тәртіптік жазаға тартылды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Алматы қалалық полиция департаментінің патрульдік полиция полкі командирінің орынбасары Қуаныш Сатаев, департаменттің кадрлық саясат басқармасының басшысы Олжас Мырзабеков және жеке құрам бойынша инспекция басшысы Арнұр Ақылбеков қызметінен босатылды. Өзіне сеніп тапсырылған жұмысты дұрыс ұйымдастырмағаны үшін қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Тәймерденов пен оның орынбасары Нұрлан Алмасбековке және БАҚ құралдарына бұрмаланған ақпарат таратқан ресми өкіл Салтанат Әзірбекке де "қатаң сөгіс" жарияланды. Ал, қалған тұлғалар ескертумен құтылды деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. https://www.youtube.com/watch?v=GSlDydf2Cbs "Әрбір басшы өзінің қарамағындағыларға жауапты. Ол жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтауды қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс Алматы қаласының Полиция департаментінде тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған. Нәтижесінде, біз екі қызметкерден айырылып қалдық, бір тәртіп сақшысы ауыр жарақат алды. Барлығымыз үшін, әсіресе, марқұмдардың туған-туыстарына бұл  үлкен қайғы-қасірет және орны толмас қаза. Сондықтан, төтенше жағдайға жол берген басшыларға тиісті шаралар қабылданды". ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдемесінен үзінді: Еске сала кетейін, блок бекеттегі жол апаты 25-мамыр күні болған еді. Мас күйінде темір тұлпар тізгіндеген жүргізуші жоғары жылдамдықта бетон бекетті жарып өтіп, жол жиегінде тұрған патрульдік көлікке барып соғылған. Кейіннен күдіктінің 26 жастағы экс-полицей Азат Азаматов екені белгілі болды. Оқиға салдарынан, екі полиция қызметкері қайтыс болып, бір тәртіп сақшысы ауыр халде жан сақтау бөлімінде жатыр. Ал, бүгін ғана осы оқиғаға байланысты жиын өткізген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қызмет барысында қаза болған қос полицейдің отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтып, шаһардан пәтер берілетінін мәлімдеді.