Мамырдың алғашқы күндері Қазақстанның кей өңірінде қатты жауын-шашын болады
Кей өңірлерде дауылды ескерту жарияланды
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Ысмағұлова Қазақстан бойынша алдағы үш күнге арналған күн райы болжамын ұсынды,- деп хабарлайды Newsroom.kz
"Қазгидромет" РМК өкілінің мәлімдеуінше, Қазақстанның басым бөлігінің ауа райына атмосфералық фронталды бөлімдер әсер етеді, соның ықпалымен оңтүстікте, оңтүстік-шығыста қатты жаңбыр жауады, солтүстікте, шығыста, орталықта қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады. Республика бойынша жел күшейеді, найзағай ойнайды, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста, орталықта бұршақ жауады, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста дауыл тұрады, оңтүстік-батыста, оңтүстікте, батыста шаңды дауыл болады, солтүстікте тұман түседі. Түнде Солтүстік Қазақстан облысында, Ақмола, Қостанай облыстарының батысында, солтүстігінде, Ақтөбе облысының солтүстік-батысында, Павлодар облысының шығысында, оңтүстігінде, Ұлытау облысының солтүстігінде 1-6 градус үсік жүреді.
Кей өңірлерде дауылды ескерту жарияланды. 1-2 мамырда Жетісу, Жамбыл облыстарында, 1-3 мамырда Алматы облысында қатты жауын-шашын жауу ықтималдығына байланысты тау және тау етегіндегі аймақтарда беткейлік ағындының қалыптасуы және өзендерде су деңгейлерінің көтерілуі күтіледі, сонымен қатар су жайылуы, су басуы мүмкін.