Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев ұсталды: Бас прокуратура мәлімдеме жасады
ІІМ-нің бұрынғы басшысы қамауға алынды
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді тергеуді жалғастыруда,-деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
2024 жылдың 29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басқа деректері жария етуге жатпайды,- делінген хабарламада.
Мемлекеттік құпияларды құрайтын сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу ҚР ҚПК-нің 47 және 201-баптарының талаптарымен регламенттелген.
Айта кетейік, 19 наурыздан бері БАҚ беттері мен телеграм арналар Ішкі істер министрін басқарған Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жарыса жаза бастаған болатын. Іс қаңтар оқиғасына қатысты екені айтылды.