Өзбектер Париж олимпиадасына жолдама ұтып алыпты
Белгілі журналист қазақ футболын сынап тастады
Журналист Аслан Қаженов қазақ футболының қазіргі жағдайын айтып, күйінді,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Журналистің жазуынша, көршілес өзбек бауырларымыз Париж олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алыпты.
"Өзбекстан құрамасы олимпиадаға қатысады. Кешелі бері осы жаңалықты барлық ақпарат құралы жарыса жариялап жатыр. Көрші елдің жастар командасы Азия чемпионатының финалына шығып, Париж олимпиадасына қатысуға мүмкіндік алды. Тарихи жетістік. Өзбек ағайындар футболдан Орталық Азиядан жазғы ойындарда өнер көрсететін алғашқы ел болмақ.
Енді осындайда еріксіз өзіміздің футболға назар аударасың. Не болып жатыр? Не істеп жатсыңдар? Баяғы сол іріп-шіру. Балалар академиялары жоқтың қасы. Жасыл алаңдар жетіспейді. Есесіне биылдан бастап легионерлерге лимитті ашып тастап, шетелдік ойыншыларды қаптаттық. Қазақ балалары ойнай алмайды деген желеумен «запасқа» отырғызып қойдық. Ешбір ел өзінің ұлдарын осылай төмендетпейді. Өзбектер неге өз балалары туралы солай айтпайды? Қырғыздар ше? Тәжіктер ше? Ал, біз шеттен келген келімсектердің көтіне кіріп, көңілін тапқанымызға мәзбіз.
Ұлттық құраманың өзіне шетелдіктерді тыға бастадық қой. Біз мына түрімізбен қалай адам боламыз? Қалай өзбектердің деңгейіне жетеміз? Бапкердің түрі анау. Ресейлік клубты баптай ма, ұлттық команданы баптай ма? Не істеп жүр? Нақты стратегиясы бар ма? Кеше баспасөз мәслихатына қатысты. Тұшымды ештеңе айта алмады. Жалпы Қазақстан футбол федерациясынан үлкен өзгерістер әкелетіндей, үлкен реформа жасайтындай леп байқалмады. Сол баяғы жалпы әңгіме. Ұсақ-түйек мәселенің айналасы. Іліп алардай ештеңе жоқ.
Спорт деген жақсы дүние ғой. Мықтысың ба, озып шығасың. Әлсізсің бе, артта қаласың. Бұл жерде бірдеңе ғып келісуге не біреуді сатып алуға болмайды. Біз әбден осы нәрсеге үйренгенбіз. Елдің ішінде бәрі керемет сияқты көрінеді. Өйткені, жақсы есептер беріледі, жақсы уәделер төгіледі. Ал, жеме-жемге келгенде, ештеңеміз жоқ. Ешкім де емеспіз. Бұрын анау-мынау олқылықтар байқалмайтын. Ал, енді өзбектер суырылып алға шыққаннан кейін, артымыз кәдімгіде ашылды. Уже ақтала да алмайсыңдар. Көзбояушылықты қойып, нақты іспен айналысатын уақыт келді. Не жасаңдар, не жасайтындарға беріңдер. Қазақ футболын бостан-босқа қор қылмаңдар",- деп жазды ол.