Жаңалықтар

Алматыдағы автобус апаты: Жүргізушіні соққыға жыққан сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Үкім занды күшіне енген жоқ

Алматының Наурызбай аудандық сотында адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот отырысы аяқталды. Судья сотталушы Дархан Ахметжановақа қатысты сот үкімін шығарды,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Автобус жүргізушісін соққыға жыққан сотталушы Дархан Ахметжановқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша жаза тағайындалды. 351 баптың 3-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы қауіпсіздігі қағидаларын бұзу" бойынша және 293-баптың 1-бөлігі "Бұзақылық" бабы бойынша шешім шығарылды.

Сотталған адам жазасын ең төменгі режимдегі колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ сот сотталушыны жәбірленушілерге өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің материалдық және моральдық өтемақы төлеу туралы талап арызын қанағаттандырды.

"Ахметжановқа ең ауыр жаза тағайындалды, себебі оның кінәсінен үш адам қаза тауып, зардап шеккендер бар. Сот жәбірленушілер Құсайынова мен Байдуалиевтің сотталушы Ахметжановқа қойған талаптарын қанағаттандыру туралы шешім шығарды. Осылайша, сот Құсайыноваға материалдық шығын ретінде 6 миллион 397 мың теңге, сондай-ақ Байдалиевке 10 миллион теңге төлеуге шешім қабылдады. Жүргізуші Ермек Шөкебаеваға қатысты моральдық шығын мен материалдық шығынды тек Ахметжанов өтейтін болды. Оған жәбірленуші тарапқа өз еркімен ақша төлеуге екі ай уақыт берілді. "Егер бұл орындалмаса, өндіріп алу мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады", - деп түсіндірді судья.

Жалпы, Ахметжанов жәбірленуші Айнұр Құсайыноваға екі айдың ішінде материалдық шығын үшін 6 миллион 397 мың, моральдық шығын үшін 5 миллион теңге төлеуі тиіс.

Сондай-ақ сотталған азамат жәбірленуші Ерасыл Байдуалиевке моральдық шығын үшін 10 миллион теңге төлейді.

Сот жүргізуші Ермек Шөкебаеваны жәбірленуші деп таныды. Сот Шөкебаева мен "Думан Транс" ЖШС-не қатысты моральдық өтемақы төлеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Үкім занды күшіне енген жоқ.