Алматыдан 257 шақырым жерде жер сілкініпті
Қазақстан аумағында дүмпулер сезілмеді
Алматыдан 257 шақырым жерде жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Newsroom.kz
Қазақстан аумағында дүмпулер сезілмеді.
ТЖМ ғылыми орталығының сейсмикалық стансаларының желісі 25 сәуір күні сағат 14:24-те жер сілкінісін тіркеген.
Жерасты дүмпулерінің эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 257 шақырым жерде – Қытай аумағында орналасқан. Сейсмологтер мұны афтершок деп атады.
- Жер сілкінісінің энергетикалық класы 11.2.
- MPV магнитудасы 5.4.
- Тереңдігі 10 шақырым.
Алматыдағы жер сілкінісі
Еске салсақ, Алматыда 23 қаңтар күні түнде қуатты жер сілкінісі болды. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы 40-тан астам адам жарақат алғаны жөнінде ақпарат таратты.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов үкімет отырысында (онлайн қатысты) жер сілкінісі 4 облыста болғанын, ең қуаттысы Алматыда болғанын мәлімдеді.
Жер сілкінісінен кейін мектептер мен ауруханалардың қабырғасынан жарықшақтар анықталған.
Құтқарушылар жер сілкінісі болған жағдайда мына 10 кеңесті есте сақтауға шақырды. Олар не дейді:
- Сабырлы болыңыз, үрейленбеңіз;
- Жер сілкінген кезде лифтті пайдаланбаңыз;
- Жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыс жүріңіз;
- Сенімді, берік орын табыңыз: егер сіз жоғарғы қабатта болсаңыз, қабырғалардың бұрышынан орын алыңыз;
- Үй-жайдан шығыңыз (көпқабатты үйлерде – дүмпу тоқтағаннан кейін);
- Суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
- Алдын ала дайындалған шұғыл сөмкені алыңыз;
- Электр желілерінен, ғимараттардан, ағаштардан аулақ болыңыз;
- Жер асты дүмпулеріне дайын болыңыз;
- Балаларға, қарттарға, мүгедектерге көмек көрсетіңіз.