«Хавала» қаржы жүйесі туралы не білеміз?

08 Наурыз, 2020 216 0

Қазіргі біздің қоғамда сенімсіздік белең алған секілді. Адамның күні адаммен деген мәтел ұмыт болып, есесіне қағаз бен қойылған қолға, бекіткен нотариусқа сенетін заман орын алғандай.

Жуырда Азия елдерінің біріне жасаған сапарымызда, Тәжік елінен келген журналист әріптестермен сөйлесіп отырып, «хавала» қаржы жүйесі туралы естіп қалдық. Жүз пайыз сенім мен адамның адалдығына иек артатын бұл жүйе туралы қазақша мәлімет іздеп, гуглды біраз ақтарып, қолға ілінер ештеңе таппаған соң, тәжікстандық әріптеспен байланысқа шығып, мақала жазбаққа бел будық.

Айта кететін жайт, шығыс елдеріне ғана тән бұл жүйе әсіресе Ауғанстанда қатты дамыған көрінеді. Тәжікстан мен Ауғанстан шектесіп, екі ел тұрғындары аудармашы көмегінсіз түсінісе беретін болғандықтан, тәжік журналистінің өз елінен бөлек, Ауғанстандағы «хавала» туралы тәптіштеп түсіндіргеніне аса таңқалғаным жоқ.

Араб тілінен аударғанда «сәлемдеме» (حوالة) деген мағынаны білдіретін қаржының бұл жүйесі тек өзара сенімге құралған. Азия және Таяу Шығыс пен Африка елдерінде кең тараған.

Индостан жартыаралында пайда болған «хавала» жүйесінің басты ерекшелігі – телефон арқылы не болмаса, хат, кетіп бара жатқан жолаушыға кілт сөзді немесе белгілі бір санды айту. Екінші бір елде әлгі шарт сөз бен санды естіген адам екінші адамға қажет суманы қолма-қол санап бере қояды. Өзара құжат яки нотариустың көмегі деген бұл жерде мүлде жүрмейді. Ешбір келісім-шарт, қағаз, чек дегеніңіз бұл жерде жүрмейді. Ауызша сенім артасыз да қаржыңызды тапсырып отыра бересіз. Иврит тілінде де «хавила» (חבילה‏‎) – деп айтылатын бұл жүйенің басты кемшілігі – мемлекеттік бақылаушы мен банктер бұл жүйедегі ақша айналымын қадағалап, бақылауда қауқарсыз екен.

Қазіргі уақытта әлем бойынша шамамен 5000 жуық хаваламен айналысатын брокерлік пункттер бар екен. Әдетте олар ең ірі Шығыс базарларында кең шоғырланған және негізінен өзге елдерде нәпақасын айырып жүрген иммигранттар мен гастербайлер арасында кең тараған.

Ақшадан бөлек, алтын, түрлі әшекейлер мен бағалы заттарды да қазіргі кезде «хавала» жүйесі арқылы көптеген елдерге жеткізуге болады екен. Ауғанстаннан бөлек, Иран мен Пәкістанда және Сомалиде қолданылатын «хаваламен» айналысатын адамдарды «хаваладар» деп атайды. Олар мемлекеттер арасындағы қашықтыққа қарамастан орта есеппен ақшаны 24 – 48 сағат аралығында жеткізеді.

Халықаралық Валюта қоры директорының орынбасары Мұхаммед әл Корчидің сонау 2002 жылы жарияланған «The Hawala System» мақаласында, банктер комиссия бағасын азайтып, қызмет көрсету сапасын арттырып, билік тарапы болса, қаржы секторының жұмысына либерализациялап, тұтынушыларға қиындық тудыратын әлсіз тұстарды модернизация жасап отырмаса, «хавала» жүйесінің қанат жая беретінін жазған екен.

Мақаламыздың басында жазғандай өзара сенім азайған тұста, ешбір құжатсыз өзге бір елге қаржы аудару деген біздерге абсурд көрінгені анық. Алайда зерттей келе осындай қызықты деректерге тап болдық. Мақала жазылып жатқан тұста Таяу Шығыс пен Африка елдерінің бірінде «хавала» жүйесі арқылы брокерлердің өзара байланысып отыруы да мүмкін. Қалған қорытындыны оқырманның өз еркіне қалдырдық, әлбетте...  


Жүмәсіл ЖАПАБАЙ

Тегтер: хавала, қаржы, жүйе, ақша, жаңалықтар, әлем, оқиға, қазақстан, тарих, таным, шығыс, азия

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.