Жаңалықтар

"Атырауға тасқын су мамырда келуі мүмкін": отандық ғалым күтпеген мәлімдеме жасады

Атырауға тасқын судың көп бөлігі мамыр айының басында келуі мүмкін

Атырауға тасқын судың көп бөлігі мамыр айының басында келуі мүмкін. Өңірлік ғалымдар табиғи апатқа қатысты осындай болжам жасап отыр, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.

Басылым мәліметіне сүйенсек, Атырау облыстық жедел штаб жанында зерттеуші ғалымдардың жұмыс тобы бар. Ал аталған топтың мүшесі Арман Жұмағазиев Жайықпен келетін тасқын су мамыр айының басында өзен арнасына шығып, тасуы мүмкін деп отыр. "Су тасқынына байланысты көп жылғы деректерді сараптап, ескеру керек. Осы тұрғыдан бұрынғы деректерді сараласақ, Атырау облысының аумағына тасқын судың көп бөлігі әдетте мамыр айының ортасында келгенін білеміз. Бірақ биыл Ресей Федерациясының аймағынан мол су келіп, көктемгі тасқынның ерте басталуына себеп болып отыр. Батыс Қазақстан облысының аумағымен төменге қарай аққан су Атырауға шамамен 6-7 күнде жетеді. Осындай болжамға сүйенсек, 2-3 мамыр күндері Жайық өзенінің Атырау облысындағы арнасы толуы мүмкін", - дейді ғалым Арман Жұмағазиев. 

Облыстық жедел штабтың хабарлауынша, бүгін, 24 сәуір таңғы сағат 08:00-де Атыраудағы гидробекетте Жайық өзенінің деңгейі 422 сантиметрге жеткен.  "Бұл өңірде Жайық өзенінің қауіпті деңгейі – 550 см. Су тасқынының қаупіне байланысты 24 сәуір күнгі мәлімет бойынша Атырау қаласындағы Жайық жағалауына 229,6 шақырым бөгет тұрғызылды", - деп мәлім етті облыстық жедел штаб өкілдері.