Ресей қорғаныс министрінің орынбасары, "қауіпсіздік қызметіндегі ең бай шенеуніктің" бірі ұсталды
Тиісті тергеу амалдары жүргізілуде
Ресейде кеше, 23 сәуірде Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Иванов ұсталды. Ол пара алу фактісі бойынша қамалды, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы елдің Тергеу комитетіне сілтеме жасап.
Ресми хабарлама Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Telegram-дағы арнасында пайда болды. "Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 290-бабының 6-бөлігі бойынша қылмыс жасады деген күдікпен (пара алу) Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Вадимович Иванов ұсталды. Тиісті тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген хабарламада. Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексіне сәйкес, Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 290-бабының 6-бөлігі ерекше ірі мөлшерде пара алғаны үшін 15 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. РБК тілшілерінің хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путин қорғаныс министрінің орынбасарының ұсталғаны туралы хабардар болғанын айтты. Қорғаныс министрі Шойгу да алдын ала хабарланған.