Жаңалықтар

Атырауға көмекке аттанамын деп көз жұмған азаматтың әйелі жан сырын айтыпты

Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін болып жүр", - дейді марқұмның жары

Осыдан бірнеше күн бұрын Түркістан облысының тұрғыны Атырауға көмекке барамын деп көз жұмды. 10 жылдан бері жүк көлігін айдайтын Қайырбек Қоспанов сапарға аттанарда тонналаған темір астында қалды,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ал Қоспановтың жары, 35 жасында 7 баласымен жесір атанған келіншек бұл жағдайға әлі күнге сенбейтінін айтты. Келіншектің сөзінше, қайғылы жағдай Шымкент қаласындағы теміржолда болған. "Өзің бармай-ақ қойсаң болмай ма?" деп бірнеше рет айттым. Содан ол "Жоқ, барып келейін. Атыраулық ағайынды көріп қайтайын. Кішкене де болса, көмегімді тигізейін" деп қоймады. Бірақ көңіл күйі ерекше көтеріңкі болды. Балаларды да еркелетіп, бәрімізге ерекше мейіріммен қарады. Есімді әлі күнге дейін жинай алмай жүрмін. Сыртым бүтін болғанмен, ішім түтін болып жүр", - дейді марқұмның жары Сара Әлібекова. Марқұмның осыдан 6 ай бұрын сегізінші сәбиі аяқ астынан көз жұмған. Сондықтан әйелі оны бұл сапарға жібергісі келмепті. Алайда 13 сәуір күні ол Атырау облысына көмекке жолға шықпақ болыпты. Өзінің темір тұлпарын теміржолда тиеп болып, досына көмекке барған сәтте жүк көлігінің дөңгелегі тайып, ер азамат қапыда тонналаған темір астында қалған дейді куәгерлер. "Өте мейірімді, ақкөңіл бала еді. Ол өз көлігін тиеп болғаннан кейін қасындағы досына көмектескелі жатқанда көлігі аяқ асты платформадан тайып, басып қалған. Жедел жәрдем жетемін дегенше Қайырбек қайтыс болып кетеді. Бәрі ол жерде милиметрмен өлшенеді ғой. Көліктің бір дөңгелегі платформадан тайып кеткен. Сол кезде Қайырбек кабинадан түсіп кетіп, темірдің астында қалып қойған", – дейді марқұмның көршісі Бақытжан Гусейінов. Қайырбек Қоспанов жүк көлігімен Атырауда құм тасып, көмек көрсеткісі келген. Алайда ол мезгілсіз ажал құшып, артында 4 ұл, үш қызы қалды. Үлкені 16-да болса, кенжесі небәрі 2 жарым жаста.