Қостанай облысында бір айға жуық уақыт өтсе де, 17 жастағы бозбала табылар емес. Үйіндегілерге балыққа кеттім деген Руслан Жұбанышев отбасына қайта оралмаған. Оны жақындары мен құзырлы органдағылар қанша іздесе де, еш нәтиже жоқ. Бірақ күн өткен сайын бұл жағдайға қатысы күдікті деректер де пайда болуда деп хабарлайды Newsroom +тілшісі
Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Руслан Жұбанышев 28 сәуір күні достарымен бірге балық аулауға шығады. Алайда діттеген жеріне жақындағанда, өзен жағасында ащы су ішкен жасы үлкен ауылдастарын кезіктірген. Олар Руслан мен оның жан досын жібермей, жандарына алып қалыпты. Ащы суға әбден тойғасын досын үйіне жеткізген де, ал, 17 жастағы бозбаланы «мас болмадың» деген сылтаумен әрі қарай алып кеткен. Соңғы рет Руслан досына "адасып кеттім" деп, таң ата телефон шалыпты. Содан кейін еш хабар бермеген.
https://youtu.be/7bk3m0rJZVk
ДАНИЯР ЖУВАНЫШЕВ, РУСЛАННЫҢ ӘКЕСІ
"Үш күн, үш түн көз ілген жоқпын. Барлық жерді жаяу да, атпен де іздеп, қарап шықтым. Інім де, өзім де жан-жақты қарадық. Айқайлаймын, баламды шақырамын, ешкім жоқта жылап алам, бірақ таппаймын".
Русланның жақындары қайғылы жағдай болғанынына сенбейді. Өйткені, тым күдіктенетін жайттар көп. Мысалы, өзен жағасында ішімдік ішкен ауылдастары сол түні күрек пен жіп ұстап жүрген жерлерінен көзге түскен. Алайда, олар мұны көліктері батпаққа батып қалғасын, тартып шығарып алмақ болдық деп түсіндірген. Сөйте тұра, ертеңіне барлығы да автокөліктерін тап-таза қылып жуып қойыпты. Осыдан кейін шағын ғана Ілияс Омаров атындағы ауылда түрлі қауесет, болжам және күдік туындайды.
ТАТЬЯНА МАЛЬКОВА, РУСЛАННЫҢ АНАСЫ:
"Егер де сен кінәлі болмасаң, келесің де бәрін түсіндіресің ғой?! Бірақ олар бізге келмейді, амандаспайды да. Не ата-анасы, не өздері мән бермейді. Біз баламызды тапқымыз келеді. Не жасаса да, тым болмаса ыммен білдірсін. Бір айға жуық уақыт өтті. Балам жоқ".
Бұл шытырман оқиғаға ауылдық округ әкімі баласының да қатысы бар. Ол сол өзен жағасында ішімдік ішіп, Руслан мен оның досын отырысқа шақырғандар қатарында болыпты. 17 жастағы іс-түссіз кеткен бозбаланың жақындары әкім шындықты жасырып отыр деп күдіктенеді. Өйткені, іздестіру барысында кинолог қызметінің иті шенеуніктің үйінің жанында Русланның ізін тапқан көрінеді. Елдімекенге жауапты маман басы былыққа іліккен баласына адвокат да жалдапты. Қошқарбай Нұртасов барлық айыптауларды жоққа шығарып, перзентінің полиция құрбанын болғанын айтады.
ҚОШҚАРБАЙ НҰРТАСОВ, ІЛИЯС ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМІ
"Мен баламнан: «Тәубек, тиістің бе»?, - сұрадым. Ол маған: «Әке, саусағымның ұшын да тигізбедім», деді. Неге адвокат жалдадыңыз деп сұрадыңыздар. Біз қорғаушыны Руслан жоғалғаннан кейін емес, менің баламды полицейлер қинап, заңға қайшы әрекет еткен соң шақырдық".
Ел арасында түрлі қауесет пен болжамдар айтылып жатқанда, полиция сотқа дейін тергеуді жалғастыруда. Осы оқиғаға қатысты «Адам өлтірді» деген баппен қылмыстық іс қозғалған.
ҚАЗЫБЕК БИСЕМБАЕВ, АЛТЫНСАРИН АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
"Ауылдың 50 шақырымындағы орманды жерлер, өзен, жазық дала, шұңқырлар тексерілді. Әр аулаға да кірдік. Сол жердегі бос қалған құдық пен нысандардың ішін де қарадық".
Құзырлы орган 200 адамды тергеген. Олардың біреуі де Русланның қайда кеткенін білмейтіндігін айтыпты. Ал, жоғалған бозбаланың ата-анасы оның тірі табылатынынан үміт қалмады, дейді. Бірақ, аялап өсірген баласына не болғанын қалайда білгісі келеді.