Орал халқы елдегі ахуалға байланысты намазда жамағат болып, елге жеңілдік сұраған
Ел басына түскен қиындықты жеңілдету мақсатында оқылған намазға жамағат көп жиналды
Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық мешітінде ел амандығына, топан судың қайтуына, халық зардап шекпесін деген мақсатта «Қажет намазы» оқылды, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Мүфтиятқа сілтеме жасап.
Мүфтият мәліметінше, бұған дейін елімізде «Қажет намазы» оқылмады. Ел басына түскен қиындықты жеңілдету мақсатында оқылған намазға жамағат көп жиналды. Жалпы қажет намазы аты айтып тұрғандай, бір нәрсені қажет етіп тұрғанда, бір нәрсеге көмек қажет болғанда жаратқаннан алақан жайып сұралатын құлшылық түрі. Намаз алдында Батыс Қазақстан облысының бас имамы Самат Әлібаев жамағатты бірлікке шақырып, тасқынның алдын алуға бір отбасының балдарындай жұмылып, су басу қаупі бар аймақтарда жаға биіктету, елді аман алып қалу жолында күш біріктіруге шақырды.
«Елімізде болып жатқан су тасқынына жаратқан жеңілдік берсін. Осындай да ел болып, бір-бірімізге жәрдемдесуіміз керек. Қазақстан мұсылмандар діни бамқармасы қиын сәтте қол күшімен де азық-түлікпен де көмектесуде. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да ел амандығын тілеп дұға оқуда. Батыс Қазақстанда қажет намазы алғаш рет оқылды. Бұл намазда жамағат болып, елге жеңілдік сұрадық. Сондай-ақ көпшілікті жаға бойын биіктетіп, тасқынға тосқын болуға шақырдық», – деді БҚО бас имамы Самат Әлібаев.