Бәйдібек ауданына қарасты Шақпақ елдімекенінде ұлағатты ұстаздың есімі ұлықталды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы aigak.tv-ға сілтеме жасап.
Ғұмырын білімге арнап, талай шәкіртті қанаттандырған Жәділ Қожамұратовтың атынан шахмат бөлмесі ашылды және шахматтан турнир өтті. 5-11 сынып оқушылары арасындағы бұл сайысқа қомақты қаржы сыйға қойылып, аудан арасында жеңімпазы анықталды. Арыстанды Қарабас желінің өтінде орналасқан Шақпақ елді мекені. Елімізге белгілі талай азаматтардың туған жері. Аталған аймақтағы Ғани Мұратбаев мектебінде 1972-1974 жылы директор болған сосын қазақ тілі мен әдебиет пәнінен дәріс берген Жәділ Қожамұратұлы өмір жолын тек білімді ұрпақ тәрбиелеуге арнаған. Міне, сол ұстаздың еңбегі ұлықталды.
"Ол кісінің алдынан мыңдаған шәкірттер шығып, қазір Қазақстанның түкпір-түкпірінде еліміздің жалпы экономикасын көтеріп жүрген шәкірттер қызмет етуде. Бұл кісіні ұлағатты ұстаз деуімізге болады.Өйткені бұл кісінің сабақ берісі, бұл кісінің шәкірттерге тәрбие берісі әріптестерінің, шәкірттерінің есінде. Бүгінгі турнирге сол ағаймен әріптестері ардагер ұстаздар келіп отыр",- деп айтты Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры Қалдыбек Сапарбаев.
Президент шахматты оқушылар арасында дәріптеп, үйрету үшін үйірмелер ашуды тапсырды. Өйткені шахматты оқу арқылы есте сақтау, ойлау қабілеті жетіледі. Сондықтан Мемлекет басшысы насихаттауды жүктеген тапсырма Ғани Мұратбаев мектебінде жүзеге асты. Іс-шара аясында Жәділ Қожамратов атынан шахмат бөлмесі ашылып, ұрпақтары жабдықтап берген кабинетте жарыс өтті. Бәйдібек ауданы бойынша 5-9 сынып арасындағы оқушылары сайысқа түсіп, өзара мықтыларды анықтады.
"Менің әкем туралы айтатын болсам, ол кісі 1972 жылы келіп, 33 жасында осы мектепті қабылдап алып, директор болды. Жаңа ғимараттың соғылуына сол кісінің тікелей қатысы болды. 1976-1984 жылға шейін осы жерде қазақ тілі әдебиеті мұғалімі болды",- деді Нышанәлі Жәділұлы.
Талай түлек түлеген Ғани Мұратбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп Бәйдібек ауданы бойынша көш ілгері көрініп жүр. Оқушылары жетістікке жетіп, сайыстардан топ жаруда.