"Қозы Көрпеш-Баян сұлу" ғашықтар мерекесі қалай пайда болды?
Бүгін қазақ халқы ғашықтар күнін тойлап жатыр
Бүгін - 15 сәуір қазақ жастарының арасында ғашықтар күні тойланады. 2011 жылдан бері аталып өтетін бұл мейрам шексіз махаббаттың символына айналған «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» есімдерімен де байланысты. Елімізде ғашықтар күні қалай пайда болды?
Ғашықтар күнінің символы ретінде неліктен Қозы мен Баян таңдалды?
«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры – қазақ эпосының шоқтығы биік туындысы. Мәңгілік махаббатты бейнелейтін жыр қазақ әдебиетінің әлемге кеңінен танылған шығармасы болып саналады. Белгілі ғалым Сейіт Қасқабасовтың «Алтын жылға» атты кітабында жырдың қазақ және орыс тілінде жазылған 33 нұсқасы бар делінеді. Ғалымның кітабында «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жыры туралы құнды деректер берілген: Шоқан Уәлихановтың досы, қазақ фольклорын ұзақ уақыт бойы ерінбей-жалықпай жинап, өзінің кең салыстырмалы зерттеулеріне енгізіп, Ресей мен Еуропа оқымыстыларына сол кез үшін тым тосын пікір ұсынған Григорий Потанин «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырын «Қазақ эпосының шоқтығы, – деп бағалады да, – оның сюжеті халықаралық, бірақ бірде-бір халық оны дәл қазақтардай ғажайып жырға айналдыра алған жоқ», — деп жазды.
«Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» шығармасы несімен ерекшеленеді?
Еуропада «Ромео мен Джульетта, «Тристан мен Изольда», Азия елдерінде «Жүсіп-Зылиқа», «Тахир- Зухра» сынды махаббат хикаясын суреттейтін көптеген шығарма бар. Олардың біраз бөлігі әдеби, мәдени тұрғыда өңделген. Сондықтан да бастапқы қалпына қарағанда өзгерістер де жоқ емес. Ал «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жырының ерекшелігі неде? Бұл жыр әу бастағы тұрпатын, дала өмірімен үйлесетін көрінісін қаз-қалпында сақтауымен құнды. «Қозы Көрпеш — Баян Сұлу» жыры фольклорлық шығармалар ішінде қағаз бетіне ертерек түскен туынды болып есептеледі. Сонау ХІХ ғасырдың басында қазақ жеріне келген саяхатшылар, әскери адамдар, зерттеушілер бұл шығарманы жазып алған көрінеді. Оған қоса мерзімді басылым беттеріне де жариялап отырған.
Мереке қай кезден бастап тойланды?
"Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мерекесін атап өтуді, негізі, бірінші болып Оңтүстік Қазақстан облысында Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған болуы керек. Сонымен қатар қазақ тарихында шынайы махаббат символдары Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу секілді нағыз махаббат иелерін жастар арасында насихаттау өріс алды.