Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Еділ Жаңбыршин Атырау облысына барып, судан зардап шеккен тұрғындармен және бөгет салып жатқандармен кездесті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Бұл туралы Еділ Жаңюыршин өзінің фейсбук парақшасында жазды.
"Әділ Жұбановпен бірге жұмыс жүріп жатқан бөгет маңындағы жұмысшыларға бардық. Атырау белсенділері өздері ұйымдасып, күні-түні жұмыс жасауда. Соколок каналымен Атырау қаласы арасынан тағы бір бөгет тұрғызып жатыр. 20 км жаңа бөгет салу керек. Елді топан судан қорғаймыз деп інілеріміз жанды ортаға салып жүр.
Бастап жүрген азаматтар облыстық мәслихат депутаты, Аманат фракциясының жетекшісі Семғалиев Әлібек, кәсіпкер ініміз Қуанышев Әсемғали, Жеток Жаппас, Бисалиев Тыныс, Өтесбаев Айболат және Атыраудың басқа да жігіттері. Азаматтар өз ұсыныстарын айтып жатыр.
Ең бастысы бізге ел келіп кедергі жасамасын, біз солар үшін жұмыс жасап жатырмыз дейді. Әділде жігіттерді қайрап жатыр “Жігіттер сапа керек, қарайған жұмыс жасап, ертең нәтижесі нөл болмасын” - деп. Арасында әзіл әңгіме айтып інілерін күлдіріп қояды.
Қазақтың жігіттері ел басына күн туғанда бас біріктіріп, қимылдауда! Жарайсыңдар бауырлар!",- деп жазды Еділ Жаңбыршин.