Өмірқұл Айниязов жас кезінде әлдекімдер пышақтап кеткенін жеткізді. Бұл туралы өнер иесі журналист Олжас Болатбекұлына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы СаумалYoutube арнасына сілтеме жасап.
Белгілі әншінің сөзінше, оқиға Ақтөбе қаласында біршама жыл бұрын болған. Ол кезде Өмірқұл Айниязов Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде оқып жүрген.
“Жас кезіміде түрлі жағдай болды. Ақтөбеде жатақханада тұрғанда жергілікті жігіттер келіп, мазамызды алатын. Сол кезде оларға қарсы шығып, пышақталған уақытым болған. Ауруханаға түсіп жатқанда тергеушілер бір жағынан тергеп жататын еді. Сол уақытта бұл жағдайды ауылдағылар мүлдем білмейтін. Телефон, интернет деген жоқ кез ғой. Сол кездегі түсінік басқаша болатын. Қарындасым қасымда оқып жүрсе де, үйдегілерге тіс жармайтын. Басымыз айналып қан жоғалтқан кездеріміз болды. Пышақталғанда ішкі органға 2 см жетпей қалған», - деді өнер иесі.