Жаңалықтар

Вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов жазасын қайда өтеп жатыр?

Қаржы пирамидасының ісі бойынша вайнерлерге үкім шықты

Вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов колонияға ауыстырылды, - деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Олар жазасын Павлодар облысында өтейді. Бұл туралы редакцияның сұрауы бойынша, Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті хабарлады.

Мейіржан Төребаев "№44 мекеме" РММ-де жазасын өтеп жатыр. 13 наурыздан бастап ол ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің "Еңбек" ШЖҚ РМК "Еңбек-Павлодар" филиалында жұмысқа орналасқан.

Мейірхан Шерниязов та "№44 мекемеде" жазасын өтеп жатыр, 13 наурыздан бастап ІІМ ҚАЖК ведомстволық қызметінде "Еңбек-Павлодар" РММ-де жұмысқа орналасты.

Павлодар облысы бойынша ҚАЖД мәліметінше, "Еңбек-Павлодар" РММ сотталғандарды жұмыспен қамтумен және тамақтандыруды ұйымдастырумен айналысады".

Еске салайық, 2023 жылдың 23 маусымында Алмалы аудандық соты Mudarabah Capital қаржы пирамидасының ісі бойынша танымал вайнерлерге үкім шығарған болатын. Айыпталушы тарапта барлығы 12 адам болған.