Аймақтар

"10 сағат көмек күтті" Аягөзде су ағызып әкеткен екі адам табылмай жатыр

Құтқарушылар уақытында келмеген бе?

Абай облысы Аягөз ауданындағы Қарағаш ауылы іргесіндегі Борлы өзенінде 26 наурызда су тасқыны ағызып әкеткен екі адам әлі табылмай жатыр, деп жазады newsroom.kz порталы inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Куәгердің сөзінше, Шалқар Қажыгереев пен Қуанышбек Мырзағазин мінген трактор өзен ортасында көмек күтіп таңнан кешке дейін тұрған. Алайда құтқарушылар уақытында келмеген.

39 жастағы Шалқар Қажыгереев Аягөздегі әскери бөлімдердің бірінде келісімшарт бойынша жұмыс істеген. 68 жастағы Қуанышбек Мырзағазин шопан болған.

"Ұлым Шалқар мен Қуанышбек Мырзағазин мінген трактор 26 наурызда таңғы алты жарымнан кешкі беске дейін су ортасында тұрды. Олар 112-ге қоңырау шалып көмек сұрады, бірақ ешкім келмеді. Оларға көмекке бармақшы болған ауылдасым мінген атымен бірге суға батып кете жаздап, жағаға әрең шықты", – деді ауыл тұрғыны Тұрсынғали Қажыгереев.

Тұрсынғали Қажыгереев төтенше жағдай қызметінің жұмысын сынға алды. Оның сөзінше, жылда көктемде таситын Борлы өзенінде су деңгейі биыл 26 наурызда көтеріле бастаған.

"Ешкім келмеді. Төтенше жағдайлар министрлігі ештеңеге дайын болмады. Ауыл әкімі басқа бір техника әкелуіне болады ғой. Ары жүгірдім, бері жүгірдім. Телефон байланысы біресе бар, біресе жоқ. 112-ге қоңырау шала бердім. Не ауыл әкімінен, не Аягөздегі төтенше жағдай қызметкерлерінен көмек болмады. Екеуі он сағат бойы трактордың үстінде отырды. Он метр жер. Қандай шарасыздық?! Соған күйінем, міне, бес күн болды, жылап жүрмін баламнан айырылып. Әлі таба алмай жатырмыз", – деп жылап жіберді Тұрсынғали Қажыгереев.