Актер Әбілмансұр Серіков әкесі Әбунасыр Серіковтен таяқ жеген күндерін еске алды. Өнер иесі "Urpaq" подкастында жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Newsroom.kz
"Бала кезде көп мектеп ауыстырдым. Балабақшаға бір апта ғана бардым. Таңертең ұйқыдан тұрғым келмейтін. Анам жұмысқа алып кетеді. Үйде қалсам, кез келген ойыншықты сындырып ойнайтынмын. Төртінші сыныпқа дейін төрт мектеп ауыстырып, соңғысына тұрақтадым. Есім сарт етіп түсетін бір жағдай бар. Әкем анама 200 теңге береді. Анам 200 теңгені менің қалтама салып қойды. Үйге келіп, анам асханада ас дайындап жатыр. Мен балалармен ойнауға далаға шығып кетем. Ойнап жүріп, қолымды қалтама салсам, 200 теңге жатыр. Балалардың бәрін ертіп алып, дүкеннен майда-шүйденің бәрін алдым. Сөйтіп 200 теңгенің басына су құйып тастадым. Сосын әкемнен өліп таяқ жедім", – деді актер. Сонымен қатар өнер иесі әкесінің қамшымен сабаған кезін еске алды. "Мен қатты бұзық болдым. Шектен шығып кеткенде әкем сабама түсіріп қоятын. Басында жай сөзбен айтатын. Бірақ бала болып, ұмытып кетесің. Бір рет бір баланың өкшесін жарып жібердім. Әткеншекке қатты тербеткенде, өкшесін жарып жібергенмін. Ол баланы әкесі мен шешесі келді. Сол кезде таяқ жегенім бар. Таяқ жеген кезім көп. Ол кісі "Жыныңды қағам" дейтін де, қамшымен сабайтын", – деді Әбілмансұр Серіков.