Жаңалықтар

Қар, жаңбыр, жел: 31 наурызда ауа райы қандай болады?

31 наурызға арналған ауа райы болжамы

"Қазгидромет" РМК 31 наурыздағы ауа райы болжамын ұсынды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

"Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөліктердің өтуіне және циклон әсеріне байланысты тұрақсыз ауа райының құбылысы сақталады, негізінен жауын-шашын болады деп болжанады. Еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда қатты жауын-шашын, атап айтқанда, қар аралас жаңбыр жауады. Сондай-ақ, еліміздің оңтүстігінде тұман түседі, оңтүстік шығысында найзағай ойнайды, солтүстік батыста, солтүстікте, орталықта көктайғақ болады деп болжанды". "Қазгидромет" РМК баспасөз қызметі

Синоптиктердің болжамынша, Астанада 30 наурыздан 2 сәуір аралығында қар аралас жаңбыр жауады. 3-5 сәуір аралығында жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. 5 сәуірде ауа температурасы күндіз 15 градус жылы болады. Түн де жылы болады: +2°C...+3°C.

Алматыда наурыздың соңғы күндері жауын-шашынды болады деп күтіледі. Сәуірдің алғашқы күндері жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі. Ауа температурасы күндіз: +9°C...+17°C.

Шымкентте аракідік жауын-шашын болады. Ауа температурасы күндіз: +20°C, түнде: +2°C...+9°C.

Ақмола облысында 31 наурызда қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады деп күтіледі. Ауа температурасы 31 наурызға қараған түні -5°C...-10°C аяз болады. Содан кейін күн біртіндеп жылынып, сынап бағаны 0°C...+5°C жылыны көрсетеді. Облыстың оңтүстігінде сынап бағаны 20 градусқа дейін көтеріледі. Сондай-ақ, алдағы күндері қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ, тұман болады, секундына 15-20 метр жыдамдықпен жел соғады деп болжанады. 

31 наурызда түнде Алматы облысының оңтүстігінде, шығысында жаңбыр жауады. Облыстың тау бөктеріндегі аудандарында қатты жауын-шашын болады. Сәуірде синоптиктер жауын-шашын болып, соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды деп болжайды. Сынап бағаны біртіндеп 20 градусқа дейін көтерілетіні де айтылады.

Түркістан облысында 31 наурызда тұман болады деп күтіледі. Сәуір айында таулы аймақтарда аракідік жаңбыр жауып, қатты жел тұрады деп күтіледі. Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа ойыса соққан желдің екпіні 8-13 м/с болады. Түнде ауа температурасының біртіндеп көтерілед деп болжанады. 

Батыс Қазақстан облысында 31 наурызда қар, жаңбыр және тұман күтіледі. Сәуірде кейде жаңбыр жауады, жел күшейеді деп күтілуде. Күндіз ауа температурасы біртіндеп 13-18 градусқа жетеді.

Атырау облысында 31 наурызда жаңбыр мен тұман болады деп күтіледі. Сәуірдің алғашқы күндері соққан желдің екпіні 9-14 м/с, кей тұста 15-20 м/с дейін жетеді.  5 сәуірге қарай сынап бағаны 20 градусқа дейін көтеріледі деп күтіледі.

Маңғыстау облысында 31 наурызда найзағай ойнап, жел күшейеді.  Сынап бағаны да біртіндеп көтеріліп, күн райы жылы болады деп күтіледі.