БҚО-да Қоржын ауылы тасқын судың астында қалып, 400-ге жуық адам құтқарылды
27 наурызда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тасқын судың астында қалды
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында су тасқынынан 400-ге жуық адам құтқарылды,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы қала әкімдігіне сілтеме жасап
27 наурызда Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы Қоржын ауылы тасқын судың астында қалды. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев Төтенше жағдайлар департаментінің мамандарымен бірге тікұшақпен аталған елдімекенге барып, тұрғындарды құтқару жұмыстарына жетекшілік етті. Өңір басшысы ауыл халқымен кездесіп, оларға мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтты.
"Баршаларыңызды сабырға шақырамын. Табиғи апат салдарынан облыстың бірнеше аудандары зардап шегуде. Сіздерге келген шығын бойынша арнайы комиссия құрылады. Келтірілген залалдың бәрі есептеледі. Мемлекет тарапынан тиісті көмек беріледі. Қазір сіздерді төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен бірге су тасқынынан құтқаруға келдік. Тікұшақпен баршаңызды аудан орталығы Қаратөбеге, қауіпсіз жерге жеткіземіз", -деді облыс әкімі.
Қорғаныс министрлігінің мамандары, Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары 400-ге жуық ауыл тұрғынын тікұшақпен аудан орталығына жеткізу жұмыстарын жүргізуде. Бірінші кезекте балалар мен әйелдер, денсаулығы нашар және мүгедектігі бар жандар жеткізілді.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта су тасқынына қарсы жұмыстарға ТЖД, ЖАО 953 адамы, 411 техникасы жұмылдырылды. Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, 21440 дана инертті материалдары бап қаптар төселді. Барлығы 455 тұрғын үй, 5 көпқабатты тұрғын үйдің жертөле үй-жайлары, 17 әлеуметтік нысан су астында қалды. Қорғаныс министрлігінің екі тікұшағы Қаратөбе ауданында құтқару жұмыстарына жұмылдырылды. Қазіргі уақытта Қоржын ауылындағы ауылдық мектепке 350 адам эвакуацияланды. Ақсу кентінде 46 үйден 150 адам эвакуацияланды.