Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Абай облысында сүңгуірлер тасқын су ағызып әкеткен үш адамды іздестіруде

Аягөз ауданында сүңгірулер суға кеткен малшы мен екі тракторшыны іздестіріп жатыр

Абай облысында сүңгуірлер тасқын су ағызып әкеткен үш адамды іздестіруде
Фото: Ктк тв

Абай облысы, Аягөз ауданында сүңгірулер суға кеткен малшы мен екі тракторшыны іздестіріп жатыр. Олар тасқын судан қашып үлгермей қалған, деп хабарлайды Newsroom.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.

Арна тілшісінің мәліметіне сүйенсек, аталмыш аудандағы көпір де топан суға шыдас бермеген. Ал Жарма, Жаңасемей ауданында жұрттың қора-қопсысы суға толған. Топан суды кешіп өтпек болған трактор төңкеріліп қалған. Трактор жүргізушісі мен жолаушысы ұшты-күйлі жоқ. Сондай-ақ тағы бір малшы суға ағып кетті деген болжам бар. Сондықтан құтқарушылар лай судан үш адамды іздестіріп жатыр. "Трактордың ауып кеткен фотасын көрдік. Суға кетті деген болжам бар. Соған байланысты іздестіру жүріп жатыр. Оған құтқарушылар мен қайықтар және арнайы құрылғы жұмылдырылды. Айта кетейік, бұл жұмыс құтқарушыларға қауіпті. Өйткені өзеннің ағысы өте қатты. Оның үстіне лай су іздеу жұмысын қиындатып жатыр", – деді Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев. Арна тілшісінің мәліметінше, өңірде Жарма, Жаңа Семей, Аягөз ауданы қызылсудың астында қалған. Шар қаласында үш көшені су басып, 14 үйдің ауласына су кірген. Қазір жұрттың қора-қопсысы судың ортасында тұр. Еріген қар суы жылдағыдан көп мөлшерде екенін айтады. Алғашында оның тереңдігі 20 см жеткен екен. Сондықтан жұрт болып жұмылып арық қазуға мәжбүр болған. 

"Қаптарымыз болған. 500 қап төседік. 250 тонна инерттік материал жұмсалды. Соның арқасында үйлерді аман сақтап қалдық. Су 14 аулаға кірді. Бірақ ешқандай қауіп болған жоқ", – деді Шар қаласының әкімі Ердос Мұрынбаев.