Жаңалықтар

Түркістанның туризм әлеуеті Самарқанда таныстырылуда

22 наурызда Түркістан-Самарқанд бағытында алғашқы әуе рейсі жасалды

Түркістандық делегация Самарқанда Түркістан облысының туристік потенциалын таныстыру, екі ел арасында туризмді дамыту, өңірге халықаралық рейстерді ашу бойынша өзбекстандық тараппен кездесуге келді,-деп хабарлайды Newsroom.kz

Кездесу аясында Түркістан облысы Мәдениет және туризм басқармасының орынбасары Нұрдәулет Медеуов, “Қазақтуризм” өкілдері Қазақстанның, оның ішінде Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстырды. 
Аталған жиынға YDA GROUP  директорлар кеңесінің мүшесі Гювенч Хамди, “Karavansaray Turkistan” туристік комплексінің директоры Онан Мұрат, “Turkistan International Airport” халықаралық аэропортының директоры Ілияс Нұғманов, туристік компания өкілдері, тревел-блогерлер қатысты. 
Шараның модераторы ретінде сөз алған Түркістан облысы Мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Нұрдәулет Медеуов Түркістан облысының туристік әлеуетін, туризмнің үш бағытын атап өтті. 
“Түркістан өңірі туристік нысандарға бай. Бізде емдік-сауықтыру, тарихи-танымдық туризмі, экотуризм бағыттары қарқынды дамуда. Аталған бағыттар бойынша түрлі форматта  екі ел арасында ақпараттық турлар ұйымдастыруға болады” деді делегация мүшесі. 
Еуразия аймағының барлық негізгі құрлықтық транзиттік жолдарының қиылысында орналасқан Орталық Азия аймағы әрқашан Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия мәдениеттері арасындағы "коммуникациялық дәліз" рөлін атқаруда. Өзбекстан Республикасы бұл бағытта үлкен рөл атқарады. Өзбекстанмен арадағы туристік байланысты нығайту мақсатында екі тараптың туристік компанияларының ресми кездесуі B2B форматында жалғасын таппақ.
Естеріңізге сала кетейік, 22 наурызда Түркістан-Самарқанд бағытында алғашқы әуе рейсі жасалды, бұл туризмді дамыту саласындағы өзара қарым-қатынастарды дамытуға қосымша ынталандыру болады.