Ақтөбелік шебер ине-жіп пен қайшысыз ұлттық нақыштағы сәнді киімдерді қалай дайындайды екен
Айдана Сағынғали табиғи жүнді қолмен илеп, жұмсақтығы жібектей тақиялар әзірлейді
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының тұрғыны Айдана Сағынғали қазақтың қолөнерін заманауи үлгіде пайдаланып жүр. Табиғи жүнді қолмен илеп, жұмсақтығы жібектей тақиялар әзірлейді,-деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Nur.kz-ке сілтеме жасап.
"Өзімнің бірінші мамандығым- дизайнер. Екінші мамандығым - бейнелеу өнері және сызу. Аудандағы шығармашылық мектепте жеті жыл мұғалім болдым. Кейін жеке кәсіппен айналыстым. Аудан орталығында сұлулық салоным бар. Оған қоса қолөнерді де қатар алып жүрмін. Киізден ине, қайшы қолданбай тақия, кардигандар дайындаймын. Алдын-ала өлшемін жасап, киізді илеп, формасын келтіремін. Алғашында мұнымен хобби ретінде айналыстым. Өзіме, жолдасыма, қызыма тақия тіктім. Кейін адамдар көріп, жасап беруді сұрады. Әлеуметтік желіге жасағандарымды салғанда тапсырыстар түсе бастады. Әсіресе соңғы кездері қазақы нақыштағы ерекше киімдерге сұраныс жоғары. Ырғызда отырып, Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда қалаларынан тапсырыс қабылдадым. Кардиганды бір күнде жасап шықтым. Қандай да бір үлгіге қарамадым. Шараларға киіп барғанда оған да адамдар тапсырыс бере бастады", - деді Айдана Сағынғали.
Қол өнер шебері меринос қойының жүнін пайдаланады. Өзін дамыту үшін символдар мен ою-өрнек туралы қосымша білім алған. Әр оюға, түстің мағынасына көңіл бөледі. Тақия жасағанда соған мән береді екен. Айтуынша, тапсырыс берушінің таңдауына қарай сол энергетиканы тартатындай етіп жасайды.
"Мәселен "Төрт құбыла" деген тақия бар. Ол төрт құбыланың теңдігі, даму, өсу энергетикасын тартады. "Махаббат" тақиясы бар. Оның да аты айтып тұр. Ырымшыл қазақ халқы оюларға үлкен мән берген. Жамандықтан қорғау, ақ жол тілеу секілді. Жүнмен жұмыс істеу - үлкен терапия. Киізді пайдаланғанда алақанмен илеу арқылы жұмыс істейміз. Мида тыныштық, пайда болады. Психологияны алыстан іздеудің керегі жоқ. Қазақтың ұлттық өнері мен ұлттық киімдерінде мұның бәрі бар. Қазақ даласындағы идеология ұлттық өнермен сақталған емес пе?!. Киізбен жұмыс істегенде алақандағы нүктелер басылады. Буын ауруымен ауыратындар үшін үлкен ем. Жалпы адамдар айналасынан күшті бірдеңе күтеді. Негізі әркім оны өзінен бастауы керек",- деді қолөнер шебері.