Жаңалықтар

Елге танымал мұғалім Наурызда әкімдердің тамақ сұрағанын жазған ба?

Айман Сағидулла ішін жеген ойымен бөлісті

Белгілі мұғалім Айман Сағидулла әкімге тамақ тасуға қарсы шыққандығы үшін ұжымының алдындағы қадірінің түскенін айтты,- деп хабарлайды newsroom.kz.

"Сені бүкіл Қазақстан мұғалімдері сыйласа да , өз ұжымың сыйламаған соң, қадірің жоқ,"-деді бір апам жаңа директордың алдында. 
Айтып-айтып тастады. 
Қатты сыйлайтын едім. Әттең! 
Қадірім жоғы айтпасам да түсінікті. Егер менің сол ұжымның алдында қадірім бар болса, менің үстімнен 3 рет арыз жазбас еді сол ұжым.  
Айналамдағы 3-4 досыма :"Айман қастарында мәңгі жүре ме сендердің?  Адам баспен ойлау керек,"-деп тағы айғайлап кетті.  Достарымның артында бір ата-ана отырды. Ол да естіді. 
Байқаусызда барып қалып, естіп қойдым. 

Олардың түк жазығы жоқ еді. Олар мені тыңдамайды, олар мен сияқты ойлайтындар. Бары сол ғана. Бізді біріктіретін сол мінездеріміз еді. 
Ауыл ақсақалдары Наурызды мектепте өткізуді ұсынған. 
Завуч :"Біз жинадық былтырғы наурыздың соңын, ішкен-жегендерін шашып кетті. Мұғалімдер ! Сендер тастап кетесіңдер. Тағы біз қалып қоймайық, өздерің жинайсыңдар,"-деді. 
Былтырғы наурыз мектептің Наурызы емес еді. Біздің мектепте сайлауға мұғалімдер қатыспайды. Жалақысын алып отырған кітапханашы, директор, завуч, т.б. қатысады. Былтырғы наурызға мұғалімнің түк қатысы жоқ. Сайлау үшін болған наурыз еді. 
Мен қарсы болдым. 

"Мұғалімдер елдің кесесін жуып жүрмейді. Наурызды басқа жерде өткізсін!
Мұғалімдер демалыс күндерінде үйлерінде демалсын! "-дедім. 
Кеше әкімдердің тамақ сұрағанын жаздым. 
Мұғалімдердің ыдыс жуып, әкімнің тамағын тасуына қарсы шықтым. Айтпақшы, осы ісім үшін  кеше ұжымның наурыз көшесіне шақырылған жоқпын. 
Менің достарымды да шақырмады.  
Ұжымда сыйым жоқ екенін ашық айтты ғой. 
Өз ұжымы бөліп тастаған Айман Сағидулламен , өз ұжымына қадірі жоқ Айман Сағидулламен наурыз көже бірге ішетіндер бар ма?  

Құрметті ұжымым! Құрметті жаңа директор!  Достарыма қатысы жоқ. 
Мен сендердің алдыңда қадірім болмағаны үшін , сыйлы бола алмағаным үшін ұялмаймын. 
Менің Оралдың, Астананың, Түркістанның, Шымкенттің, Қызылорданың, Қарағандының  Қарасай ауданының, Жамбыл ауданының мұғалімінің құқығын қорғағанымның пайдасы жоқ. Егер өз ұжымымның мұғалімдері  демалыс күндерінде ыдыс жуып, әкімнің тамағын дайындап жүрсе, мен соған ұялар едім. 
Менің таңдауым осы. Әркім білгенін істесін! 
Мен мектепке оқушыларым үшін барамын. 5-6 досымды көргенде қуанамын. Маған сол жеткілікті. 
Ал , кешегі жазған жазбамды талдау жүрді мектепте. Директоры мен мұғалімдері бірігіп талдады. Сол кезде естідім қадірімнің жоқ екенін.

Мен арызданып отырған жоқпын. Ішіме сыймай  отыр. Кешегі осы әңгімеден соң көзімнен жас тыйылмады. Түсінбеймін неге екенін.Жастың қайдан келетінін де түсінбеймін.  Ұжымым ол менің екінші үйім ғой. Директор бірдеңе десе, өзім-ақ шешер едім. Ұжымның ісі маған өте ауыр тиді. 
Арызданып отыр деп ойламаңыздар. Ішіме сыймай, жанымды жеп бара жатқан соң ғана айтып отырмын. 

Мына ұжымнан кеткім келеді.Өзім жақсы көретін, мені сыртқа тепсе де жақсы көретін ұжымнан кеткім келеді.  Басқа жұмыс іздеймін-ау. Маған ең ауыр соққы ұжымның соққысы. Маған ең ауыр жаза жақын көрген ұжымының  берген жазасы.
Тағы да айтам. Жай ғана сіздерге айтып, ішімді өртеген ауыр сезімнен арылғым келді. Бөліскім келді. Бары сол ғана. Бұл арыздану емес",- деп жазды Айман Сағидулла.