Аймақтар

Абай облысына шетелден келген студенттерге қандай жағдай жасалған?

Пәкістандық студенттің мәселесі қашан шешіледі?

Алғыс айту күні қарсаңында, қазақ еліне пәкістандық студент Мұхаммад Усама Шахид өз құттықтауын жеткізгенін жариялаған едік.

Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі аталмыш видеоны әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялады. Оның қазақ тілінде еркін сөйлеуі, одан өзге 7 тілді меңгергені newsroom.kz редакциясының қызығушылығын тудырды.

Осыған орай, Абай облысында оқып жатқан Пәкістан, Үндістан және өзге елдерден келген студенттерге қандай жағдай жасалып жатқандығын білу үшін Абай облысының әкімдігіне сұраухат жолдадық. 

Облыс әкімдігінің жауабынша, оқу орнында Пәкістан, Үндістан және өзге шет мемлекеттерден келген 1000-нан астам студент білім алатын көрінеді. 

"Студенттердің бос уақыттарын ұйымдастыру, мәдени-көпшілік шаралар мен ғылыми жұмыстарға араласуына көңіл бөлінеді. Олар облыстық деңгейдегі өнер байқаулары мен сайыстарға, ғылыми-тәжірибелік конференцияларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады",- делінген әкімдік жауабында.

Қазақ тілін үйренсем, Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығын өз тілінде сөйлетсем деген шетелдік студенттерге заманауи тілмен айтқанда, қаншалықты мотивация беріп отырсыз деген сұраққа әкімдік студенттерге барлық жағдайға қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты.

 "Облыс тұрғындары үшін тілдерді оқытатын Лингвистикалық орталық жұмыс жасайды. Орталық қазақ тілін үйреніп, Абай мен Шәкәрімнің  шығармаларын өз тілінде сөйлетемін деген студенттерге қолдау көрсетуге дайын. Олар үшін арнайы жеке бағдарлама әзірленетін болады. Қазақ тілін үйрену арқылы шетелдік студенттер қазақ халқының мәдениеті, өнері мен салт-дәстүрінен хабардар бола алады",- делінген әкімдік жауабында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде «Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн» деді. «Жұмсақ күштің» негізгі тетігі болатын яғни Семей өңірінен түлеп ұшқан шетелдік студенттермен білім басқармасы арасындағы өзара байланыс онлайн форматта ғана ұйымдастырылады екен. 

Ал жоғарыда біз мысалға келтірген Мұхаммад Усама Шахидтің Семейде отбасымен қауышуына қатысты қиындық туып отыр екен. Осыған байланысты облыс әкімдігіне қойған сұрағымызға өкінішке орай жауап ала алмадық.