Ұлытау облысында айтыс ақыны болған шенеунік қамауға алынды
Шенеуніктер пара алды деген күдікке ілінді
Жезқазған қалалық соты Ұлытау облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшыларына қатысты парақорлық фактісі бойынша үкім шығарды,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы antikor.kz-ке сілтеме жасап.
Жемқорлықтың алдын алу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында сот процесі ашық форматта өткізілді.
Процеске облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметкерлері, сондай-ақ облыстың, Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Жаңаарқа және Ұлытау аудандарының мемлекеттік қызметшілері онлайн режимде қосылды.
Осылайша, аталған лауазымды тұлғалар облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйым өкілімен сөз байласып, 2 млн теңге көлемінде пара алған,- делінген хабарламада.
Сот үкімімен осы мемлекеттік мекемелердің басшыларына әрқайсысына 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
«Мәдени мұраны зерттеу және сақтау орталығы» ЖШС мердігер компаниясының өкіліне 3,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Барлық сотталғандар өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан айырылады.
Бұған дейін, Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірдің мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы басшысы Әнуар Омаровқа қатысты тергеу жүргізген.
Лауазым иесі облыс аумағындағы ежелгі қорымдардағы археологиялық қазбалар жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарты бойынша актілерге қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігер ұйымнан 2 млн теңге көлемінде пара алу бойынша күдікті деп танылып отыр.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды, - деп жазылған агенттік таратқан мәліметте.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.