Тазы мен төбетке құмар Инна қыз
Тазыны үйде асырайтын кинолог әйел туралы білдіңіз бе?
Ит - қазақтың 7 қазынасының бірі. Қазақ халқы құмай тазының да, төбеттің де қадірін жете түсінген. Оларда иесінің әр қимылын бағып, көңіл-күйін қас-қабағынан жазбай танитын. Сол тұрпаты бөлек иттердің тұқымы әлі де бар. Астаналық Инна Назаренко тазының ақылына қызығып үйінде асырайды екен,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы "Жібек жолы" телеарнасына сілтеме жасап.
Инна Назаренко 10 жылдан бері тазы асыраумен айналысады. Төрт аяқтының жағдайын жазбай танитын келіншек дәл осы жануардың арқасында аман қалғанын айтады. Оқиға 5 жыл бұрын болған. Түн жамылып, иттерін серуендетуге шыққан Иннаға көше бұзақылары шабуылдамақшы болған. Бірақ жанындағы тазы бөтен адамдарды иесіне жақындатпай, тіпті қолына суық қару ұстағандарды тырп еткізбеген. Содан бері тазыға деген махаббатым артты, дейді Инна.
"Тазының ақылы 6 жасар баламен бірдей. Егер менің дауысымнан қорқыныш немесе ашу байқаса, жанымдағылардың қауіп төндіріп тұрғанын бірден сезеді. Қазірдің өзінде не туралы айтып жатқандығымды білгісі келіп, құлақ түріп тұр. Осындай қасиеттері үшін осы тазыларды басқалардан артық көремін",- дейді Инна.
Инна Назаренко еліміздегі жалғыз кинолог әйел. Қазір оның қарауында бірнеше тазы мен төбет бар. Иттерінің барлығы аңшылықпен айналысады. Олардың мәртебесін айқындау үшін республикалық "Қансонар" қауымдастығына қосылған. Бүгінде Иннадан иттің сынын сұрайтындар көп. Қолымнан келсе бәріне бірдей көмектесуге дайынмын, дейді Инна.
Биыл елімізде 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Тазылар үшін олимпиададан кем түспейтін бұл доданы отандық ит баптаушылар асыға күтіп жүр. Бұлардың ішінде Инна да бар. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Алдағы 10 күнде елдегі іріктеу кезеңі басталады. Осы сыннан сүрінбей өткен тазылар өзге елдің жүйріктерімен сынға түседі.