Алматылық отбасы жетім қалған орыс балаларды асырап алып жұртты жылатты
Богдан мен Даниилдың бала кезде әкесі қайтыс болса, былтыр аяқ астынан анасы өмірден озыпты
Жетім қалған 17 жастағы егіз жасөспірімді бауырына басқан алматылық ерлі-зайыптының әрекеті әлеуметтік желіде тарап, елді сүйсінті. Богдан мен Даниилдың бала кезде әкесі қайтыс болса, былтыр аяқ астынан анасы өмірден озыпты. Барар жері, басар тауы қалмаған егіздерді Бақытжан мен Арзыгүл Әбдірахмановтар асырап алған,- деп хабарлайды Newsroom.kz порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ата-анасынан айырылған Богдан мен Даниил Сартаковтардың жуырда жаңа отбасындағы алғашқы туған күні өтіпті. Дәл сол қуанышты сәттің видеосын Арзыгүл Әбдірахманова желіге жүктеген. Бейнежазба бірден елдің назарына іліккен. Аз уақытта видеоны екі миллионнан астам адам көрген. Сондай-ақ, ол отбасы Stan.kz-тің You tube арнасына сұхбат берген болатын.
"Біз дәл сол видео бірден талқыға түсіп, оны қаншама миллион адам қарайды деп ойлаған жоқпыз. Қатты таңғалдым. Біраз адам жылы сөздер жазыпты. Олардың пікірін оқығанда шыны керек қатты жылағым келді. Олардың біздің үйдегі алғашқы туған күні болғасын дұрыстап, әдемілеп өткізейік дедік. Біз олардың туған күнін ғана емес, өзіміздің балалардың да туған күнін дәл солай өткіземіз. Түнгі 00.00-де құттықтаған сәтімізді видеоға түсіріп, желіге жүктегенбіз ғой. Сонша адам көреді деп ешкім ойламады", – дейді жетім балаларды асырап алған ерлі-зайыпты.
Арзыгүл Әбдірахманова бауырына басқан қос жеткіншектің тағдырын бүкпесіз баяндап берді.
"Богдан мен Даниил менің екінші ұлым – Самиржанмен бір сыныпта оқыған, яғни сыныптасы. Бізде ата-аналардың WhatsApp чаты бар. Бір күні сол чатта осы егіз баланың анасы қайтыс болғаны туралы суық хабарды естідік. Бұлардың Алматыда ешкімі жоқ, туыстарының бәрі Ресейде тұрады екен. Сол сәтте біз ата-аналармен бірігіп мүмкіндігімізше тез арада ақша жинап, анасын өздерінің дәртүрімен жерледік. Ал әкесі Богдан мен Даниил кішкентай кезде өмірден озған екен", – дейді Арзыгүл Әбдірахманова.
Анасы қайтыс болған соң ағайындыларды балалар үйіне тапсырған екен. Кейін Бақытжан мен Арзыгүл қос жеткіншекті өзінің қамқорлығына алуды құп көреді. Оған өзіндік себеп те бар көрінеді.
"Негізі біз Богдан мен Даниилды бұрыннан танимыз. Екінші баламмен жақсы дос. Кіші ұлым да олармен жақсы дос екенін айтып, бізге ұсыныс тастады. Мен олардың біздің үйде тұруына қарсы болмадым. Мұны күйеуіме айтып едім, ол бізді бірден қолдады. "Егер ешкімі жоқ болса, өзімізге алайық" деді. Содан кейін құжаттарын заңды түрде рәсімдеп, қамқоршылық әрі қорғаншылық мақсатта өзіміздің тәрбиемізге алдық. Мемлекет екі балаға 68 000 теңге төлейді", – дейді егіз жасөспірімді бауырына басқан ана.
Ал жаңа отбасының мүшесі атанған ағайынды Богдан мен Даниил қиын кезде қолдау көрсетіп, қамқорлығына алған жанұяға айтар алғысы шексіз.