Иманды болсын! Жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден озды
Президент жазушының отбасына көңіл айтты
Белгілі жазушы Жұмабай Шаштайұлы өмірден өтті,- деп хабарлайды newsroom.kz порталы.
Қаралы хабарды мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желісінде жазды.
Қасиетті Оразаның екінші күні қазақтың біртуар қаламгері, асыл ағамыз Жұмабай Шаштайұлы Жаратқанның құзырына қайтыпты. Бірнеше буынға ұстаз болған, адал һәм тап-таза қалпынан айнымай, соңынан бір ауыз бөтен сөз ілестірмеген Жұмағаң туралы айтар жақсы әңгіме көп. Жақсылар шетінен кетіп жатыр, - деп жазды депутат.
Жұмабай Ш аштайұлы 1950 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген.
Ол 1990-1992 жылдары "Қазақ тілі" қоғамы Алматы облыстық комитеті төрағасының орынбасары, 1992-1996 жылдары "Жас Алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде бөлім меңгерушісі, 1996-2002 жылдары халықаралық "Заман-Қазақстан" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. 2002 жылдан бастап Қазақ радиосының бас редакторы болса, 2008-2017 жылдары "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактор болып еңбек етті.
Жазушы ретінде Жұмабай Шаштайұлы "Аспанқора", "Шал мен жылқы", "Құралайдың салқыны" сияқты классикалық шығармаларымен танымал.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазушы Жұмабай Шаштайұлының отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент қарымды қаламгер, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұмабай Шаштайұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
"Жұмабай Шаштайұлы қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырып, руханиятымыздың дамуына елеулі үлес қосты. Шығармалары кеңінен насихатталып, оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Өнегелі ғұмыр кешкен Жұмабай Шаштайұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.